Іле Алатауында өрт қаупінің ең жоғары деңгейі жарияланды

Іле Алатауында өрт қаупінің ең жоғары 5-ші деңгейі жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірер күн бұрын «Қазгидромет» дауылды ескерту туралы хабарлаған еді. Метеорологтардың болжамынша, елдің оңтүстік-шығыс аймағында ауа температурасы 37-39 градусқа дейін көтеріледі.  Қазір таулы аймақта туристердің қарасы қалың. Осыған орай Төтенше жағдайлар қызметі Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің ерекше қорғалатын аумағында  өртке қарсы оқу-жаттығу өткізді.

Алматы облысында биыл күн жылынғалы бері ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 15 өрт оқиғасы тіркелген. Оның ең ауқымдысы 7 мамырда Кіші  Алматы өзенінің жоғарғы жағында болған өрт. Қызыл жалынды сөндіру кезінде бір құтқарушы көз жұмды. Халық демалуға көп келетін жердің бірі – Көкжайлау шатқалы. Табиғаты таңдай қақтыратын бұл аймақ теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте орналасқан. Осындағы  Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің аңғарынан да кісі үзілмейді. Сондықтан өртке қарсы оқу-жаттығу осы жерде өтті.

Самат Ассаинов, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:

- Біздің таулардың өте тік екенін жақсы білесіздер. Өрттің сөндірілуі оның анықталғанына байланысты. Атты патрульдер бар. Олар үнемі жан-жағын тексеріп жүреді. Өрт дер кезінде анықталса, оны бастапқы кезеңде сөндіруге болады. Ал егер хабар кешірек түссе, жағдай қиындай береді. Оның үстіне  жел күшейіп, өртті сөндіруді қиындатып жібереді.

Мұндай оқу-жаттығулар төтенше жағдай кезінде әрүрлі қызметтердің өзара байланысын тағы бір мәрте пысықтай түседі. Бұл – Төтенше жағдайлар департаменті, Азаматтық қорғаныс, Қазәуеорманқорғау және министрліктің авиация бөлімшелері. Олар құрал-жабдықтарымен бір сағаттың ішінде тауға көтеріліп, белгіленген жерге жетті. Соңғы 3 күнде өңірде күн қатты ысып, ауа температурасы 37-38 градусқа жетеді. Осыған қарай өрт қаупінің жоғары деңгейі жарияланды.

Дәулет Бекмұханбетов, қалалық ТЖД бас маманы:

- Бүгінгі өткізілген «Өрт» тактикалық жаттығуымызға 147 адам, 2 әуе кемесі және 2 квадрокоптер, 2 кинологиялық ит жұмылдырылды. Бұндай өрт тактикалық жаттығуды жылда өткіземіз. Бұл жаттығуда осы қаланың қызметкерлері, қаланың қызметтері өзара бірлесіп жұмыс істеуі шыңдалады. 

Мамыр айының басынан бері Төтенше жағдайлар департаменті Іле Алатауы ұлттық паркімен бірлесіп, адам көп жүретін таулы аймақтарда рейд өткізіп жатыр. Мақсат – әрине,өрттің алдын алу. Өкінішке қарай, демалушылар  қоқыстарын сол күйінде тастап кетеді. Ал одан өрт шығуы әбден мүмкін. Тіпті бөтелкенің сынығының өзі үлкен қауіп төндіреді. Шынысы күнге қызып, құрғақ шөп тұтанып кетуі мүмкін. Өкініштісі сол, қанша айтқанмен,  тұрғындар қарапайым өрт ережелерін сақтай бермейді. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Григорий Беденко, Әбен Нарымбаев.