Кореялық IT мамандар Қазақстанның болашақ полицейлерін дайындайтын болады
Кореялық айти мамандар Қазақстанның болашақ полицейлерін дайындайтын болады.
Бұл туралы меморандумға Шинхан университеті мен Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясының ректорлары қол қойды. Корея университетінде әлемнің түкпір-түкпірінен 11 мыңнан астам студент білім алуда. Шинхан цифрлық технология, жасанды интеллект, бағдарламалық қамтамасыз ету және әскери ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасау саласында жоғары білікті мамандарын дайындайды. Алматы академиясы Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі киберқауіпсіздік мамандарына тәлім беретін жалғыз жоғары оқу орны. Өткен жылы киберзертхана мен киберполигон ашылды. Қол қойылған меморандум аясында Алматы қаласындағы Академиясының курсанттарына Шинхан университетінің айти мамандары дәріс оқитыны туралы келісімге қол жеткізілді. Екі университет арасында студенттер алмасу да жоспарлануда.
Айдар Сайтбеков, ҚР ІІМ Алматы академиясының басшысы:
- Біз Оңтүстік Корея республикасына арнайы іссапармен Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың тапсырмасын орындау барысында келген болатынбыз. Оңтүстік Кореяның цифрландыру бойынша, искусственный интеллект бойынша тәжірибесін зерделеуге келдік. Және де осы меморандумның арқасында біз профессор-оқушы құраммен және де біздің курсанттар мен алмаса алатын сондай жағдайға жеттік.