Моңғолиядан солтүстікке көшіп келген қандастар мамандығы бойынша жұмысқа тұрды
Тұрғындары тығыз орналасқан өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға көш жалғасып жатыр.
Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында жүзеге асады. Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысына 2 мың 660 қоныс аударушымен 138 қандасты қабылдау үшін арнайы квота бөлінді. Алды көшіп келіп тіршілігін бастап кеткен.
- Қараағаш ауылы өте ұнайды бізге. Адамдары да жақсы.
Нұрбахыт Сағай тарихи отанын аңсап келген азаматтардың бірі. Былтыр жазда отбасымен Моңғолиядан Солтүстікте орналасқан Қараағаш ауылына қоныс аударған. Қазір жолдасы екеуі үш бала тәрбиелеп отыр.
Нұрбахыт Сағай, Қараағаш ауылының тұрғыны:
- Тарихи отанымыз болғаннан кейін осында көшуге бел буып келдік. Мысалы қазір Аллаға шүкір, бәрі жақсы. Үй беріп, көмек беріп жатыр, квотасы. Енді барлық мемлекет тарапынан берілетін барлық көмектер беріліп жатыр. Ешқандай бір қиыншылық жоқ. Енді тағы да Моңғолиядан көшіп келемін деген адамдар болса, ештеңкеден қорықпай келсе, бәрі де жақсы болып кетеді.
Ата қонысқа оралғандарға жағдай жасалды. Бастысы баспанамен қамтылды. Ал Нұрбахыт пен Мәруа мамандықтары бойынша мектепке орналасты.
Мәруа Капитанқызы, Қараағаш ауылының тұрғыны:
- Балаларымыз қазақи тәрбие алсын, қазақи салт-дәстүрді ұстап қалсын деп, солай шешім шығарып осы атамекенге қоныс аудардық. Мамандығым бойынша жұмыс жасап жатырмын. Жұмыста ешқандай қиыншылық жоқ. Барлығы ұнайды. Солтүстік өңірі табиғаты тамаша, көрікті мекен.
Жыл басынан бері аққайыңдар өлкесіне мыңға жуық адам көшіп келген. Енді олар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы бойынша таңдаған баспаналарын сатып ала алады. Ол үшін арнайы сертификат беріледі.
Дәурен Жанқабаев, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
- Квотаға енгеннен кейін отбасыларға кқшу үшін әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде субсидия төленеді. Және бір жыл бойы ай сайын отбасы санына байланысты және келген жеріне байланысты ай сайын 15-30 АЕК-ке дейін төленіп тұрады. Сонымен қатар осы жылдан бастап экономикалық ұтқырлық сертификат беру қарастырылған. Ол сертификат тұрғын үйді сатып алу үшін немесе салу үшін үй құнның 50 пайызы, болмаса 4 миллион теңгеге дейін беріледі.
Бүгінде өңірге екі жарым мыңға жуық маман жетіспейді. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы және білім беру саласына қажет.
Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов