Абай облысындағы 3 ауылға өрт қаупі төніп тұр
Абай облысының Бородулиха ауданындағы өртке жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өйткені үдей соққан жел жағдайды қайта ушықтырып жіберді. Олар қайда эвакуацияланады? Баратын орын дайын ба?
Бородулиха ауданындағы Талица, Барышовка және Поднебесное ауылдарының тұрғындары бүгін таңертең үйлеріне орала бастаған еді. Алайда үдей соққан жел жағдайды күрт өзгертті.
Нұрболат Дербісов, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:
- Осы 3 елді мекенге қауіп төніп тұрған жағдайы бар. Ол елді мекендердің барлығына күш құралдарды, тікұшақтарды өрт сөндіруге жіберіп жатырмыз. Қазір тағы да әуеден барлау жұмысы жасалып жатыр. Көріп жатырсыздар ғой, 60 мың гектар өртті жан жақтан өшірген болатынбыз. 2 күн бойы. Өшірген өрттерден орман шаруашылығына кіре алмаймыз. Кіре алмағандықтан, жанып жатқан ағаштар қайтадан желмен күшейіп кетіп жатқан жағдайы бар. Жан-жақтан күшейіп, біз күш құралдарды жан-жаққа қойып жатырмыз.
Жедел штаб өкілдерінің айтуынша, қызыл жалын қазір Таврия ауылының жанындағы Каштак орманшылығына жақындап қалған. Өртті елді мекенге енгізбес үшін 70-ке жуық техника жіберілген.
Димитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:
- Ең бастысы – өртті ауылдарға кіргізбеу. Қазір Успен елді мекенінің жанында бірнеше автобус дайын тұр. Тұрғындарға қауіп төнсе, бірден көшіруге дайынбыз.
Құтқарушылар 4-ші тәулік қатарынан тыным таппай, тілсіз жаумен арпалысып жатыр. Өртті сөндіруге 1500 адам, 300-ге жуық техника мен 11 тікұшақ жұмылдырылған. Өкініштісі сол, алпыс мың гектар қарағайлы орман отқа оранды.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.