БҚО-да жас мамандарға қолдау көрсетіледі
Батыс Қазақстан облысының шалғайдағы Бөкей Ордасы, Жәнібек аудандарына жұмысқа барған дәрігерлерге биылдан бастап 5 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі.
Облыстық мәслихаттың соңғы сессиясында осындай шешім қабылданды. Ал облыс орталығына қызмет жасаймын деген жас мамандарға бір жолғы төлемақы мөлшері 1 млн теңге. Қала маңындағы аудандарға барғандарға, 1 млн 500 мың теңге, өзге аудандарға 2 млн 500 мың теңге болып бекітілді. "Медицина академиясының түлектерін қаржылай ынталандыру арқылы өңірдегі дәрігер тапшылығын жойғымыз келеді", - дейді сала басшылары. Күні бүгін облыста 247 дәрігердің орны бос тұр. Тек алыс аудандарда емес, қалада да маман жетіспейді.
Гүлнәр Әбдірахманова, БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, хирургтар, кардиологтар керек. Былтыр 52 жас маман келді өңірге. 2021 жылмен салыстырғанда екі есе аз. Биыл жоғары оқу орындарына республикалық бюджеттен 88, облыс бюджетінен 56 грант бөлінді. Резидентураға да 55 грант берілді. Бұл шаралардың барлығы да маман тапшылығын жою мақсатында қолға алынды.