Оралда орманшылар тілсіз жау құрбандарын еске алды

Абай облысындағы алапат өрт батысқазақстандықтардың да қабырғасын қайыстырды.

Орал орманшылары бүгінгі жұмыс күнін тілсіз жаумен күресте құрбан болған әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алудан бастады.

Сөз алғандар осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды шығарылып, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға көңіл бөлінсе дейді.

Жалпыұлттық аза тұту күніне орай Орал орман шаруашылығында өткен қаралы жиын бір минут үнсіздікпен басталды. Өмірінің ақырғы сәтіне дейін өз кәсіптеріне адал болып, тілсіз жаумен күресте ерлікпен қаза тапқандар ешқашан ұмытылмақ емес. 

Қайрат Есенғалиев, Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры: 

- Өте қиын жағдай. Қабырғамыз қайысып, орман шаруашылығы қызметкерлері ретінде бізден артық түсінетін ешкім жоқ болар деп есептейміз. Барлық жақындарына көңіл айтамыз.  Орман шаруашылығы қызметкерлері жұмыстары өте ауыр жұмыс, әрқашан осы отпен, оқпен, өртпен қарсы күресіп, қызмет атқарып келеді. 

Солай бола тұрса да орманшылардың еңбегі өз деңгейінде бағаланып отырған жоқ. Мәселен орман шаруашылықтарындағы өрт сөндірушілердің жалақысы  90 мың теңгенің төңірегінде ғана. Қажетті құрал-жабдықтар да тапшы-дейді олар. 

Қайрат Есенғалиев, Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры: 

- Осы оқиғадан сабақ алу керекпіз деп есептеймін. Себебі әлі күнге дейін орман шаруашылығы қажетті деңгейде материалдық техникалық базамен қамтамасыз ету, модернизациялау, басқа да тепловизор дейді, осындай камералар орнату, басқа да шаралар атқару керек деп есептеймін.

Батыс Қазақстан облысында 8 орман шаруашылығы бар, орман қоры 216 мың гектарды құрайды. Биыл сәуірде облыс бюджетінен 1 миллиард 187 миллион теңге бөлініп, 25 трактор, 13 патрульдік автокөлік, орман-тоғайды әуеден бақылау үшін 3 квадрокоптер, өзге де қажетті құралдар алыныпты. Алайда орманшылардың қалыпты қызметін қамтамасыз етуге бұл әлі де жеткіліксіз екен. 

Қуанышқали Есімов, БҚО Табиғи ресурстар басқармасының басшысы: 

- 112 трактор керек, 133 мотоцикл керек,  122 патрульдік автокөлік керек,  133 әртүрлі құрал-жабдық керек. Өрт сөндіру машиналарын айтатын болсақ, олардың жұмыс істеу мерзімі 10 жылдан асқан болатын. Сондықтан бізге  11 жаңа өрт сөндіру машинасы керек. Бұл мәселе бара-бара шешіледі деп ойлаймын. Екінші мәселе орман қызметкерлерінің төменгі жалақысы. 

Орман өрті ғана емес, өңірде дала өрттерін өшіру де өзекті мәселенің бірі. Алыс ауылдарға өрт сөндірушілер келіп жеткенше жалын жайылып, жайылымдар жанып бітеді. Ауыл әкімдіктері жанындағы ерікті жасақтар 21 ғасырда тулақпен жер сабалап жүр. Қажетті құралдармен қамтылмаған. Осыған да көңіл бөлінсе екен, дейді мамандар. 

Ерденбек Жылқайдарұлы