Атырау-Астрахань жолы биыл пайдалануға беріледі

Атырау-Астрахань жолының 1 шақырым 700 метрі қайта салынады.

Себебі құрылыс кезінде бірқатар олқылық жіберілген. Жол сапасын тексеретін мекеме осындай қорытынды шығарды. Жауаптылардың сөзінше Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі 277 шақырым жол жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Атырау-Астрахань тас жолының бас ауруына айналғанына біраз болды. Жүргізушілерден де күй кеткен. Соның кесірінен қазір Құрманғазы ауданына қатынайтын такси қызметі де қымбаттады. Себебі көліктер жиі бұзылады. Ал қосалқы бөлшек бағасы аспандап кетті.

- Кішкентай жерге жете алмай сүйретіп келе жатырмыз. Жолдың жақсылығы осы ғой енді. Жасалып жатыр, қала жағы жасалып жатыр. Жолдан тоқтап, сүйреп келе жатыр бізді.
- Көгала шаң, су шашпайды. Машинамыз тарсылдап, осы екі ортада жүріп жатырмыз.

Жауаптылар қазір жол құрылысы жоспарға сәйкес жүріп жатқанын айтады. Десе де жол сапасын тексеретін мекеме құрылыс кезінде кеткен ақауды анықтапты. Енді олқылықтың орнын толтырып, қайта салуға ұсыныс берген.

Нұрлан Жантөрин «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының бөлім басшысы:
- 648-693 шақырым аралығында арнайы жылжымалы жол зертхана автокөлігімен жүріп өткенде анықталған ақаулық – жолдың тегістігінің келмеуі. 1 км 700 метр тегістік сақталмаған. Сол жөнінде тапсырыс беруші және мердігер мекемеге арнайы хат жүзінде жолданды. Мердігер мекемеден қазіргі уақытта жойылатыны жөнінде жауап-хат алып отырмыз.

Былтыр битумның тапшылығынан жол құрылысы тұралап қалды. Ал биыл бұл мәселе реттелді. Қиыршық тастың да тапшылығы сезілмейді. Бірақ құрылыс материалдары теміржол арқылы жеткізілетіндіктен, кейде вагондар жетпей қалады. «Дегенмен қазір құрылыстың тежелуіне еш кедергі жоқ», - дейді жауаптылар.

Болатбек Айтбаев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ филиалының директоры:
- Жалпы Атырау-Астрахань жолының биыл жұмыс қарқыны жақсы. Жұмыстар жүріп жатыр. 5 учаскенің бәрінде жұмыстар кесте бойынша жасалып жатыр. Айдың соңына дейін төменгі қабатымен 200 км жол ашылатын болады. Қалған 77 км жылдың ақырына дейін деп жоспарланып отыр. Оған арнайы кестесі жасалған, сол кесте бойынша жасалып жатыр.

Жыр болған жол жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Тұрғындардың қиындықсыз қатынауы үшін осындай шешім қабылданды. Бірақ келер жылы күре жолдың жоғарғы қабаты төселеді. Одан кейін жол бойына автотұрақтар, демалыс орындары салынады. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин