Барсакелмес қорығында құлан саны артып келеді
Шөл және шөлейтті аумақта отырып, табиғат байлығын сақтау қиынның қиыны екені бесенеден белгілі.
Теңіз тартылуымен Арал аумағындағы «Барсакелмес» қорығының табиғи құндылығы да жоғала бастады. Тек мемлекеттің ерекше қолдауы арқасында резерваттың көркем келбетін сақтау жұмыстары оң нәтижесін беріп отыр. 70 жыл бұрын жерсіндірілген 9 бас құланға ерекше жағдай жасалудың арқасында тұяқты жануардың саны қазір 700-ден асып кетті. Дегенмен Арал өңірінің эталоны саналатын Барсакелместің байлығын ғылыми тұрғыда терең зерделеу қажет-ақ.
Ен далада көсіле шапқан құландар 1939 жылы құрылған Барсакелмес қорығының басты байлығы саналады. Ұлан-байтақ жеріміздің жұрт көзінен жырақ орналасқан бұл ғажайып өлкесін ақбөкен, қарақұйрық және шағыл мысығы секілді 56 түрлі аң мекендейді. Өсімдіктің 300-ден астам түрі бар қорық көктемде жайқалатын қосжарнақты қызғалдақ, қылқанжапырақты батпақгүл және көкпек гүлімен мақтанады. Ал Сырдарияның теңізге құяр сағасындағы дельта аумағында 254 түрлі құс кездеседі. Қанаттылардың 33 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Бұйра бірқазан, бидайық, бұлдырық және дуадақ пен қоқиқаз, шүрегей самғайтын табиғи аумақта туризмдік жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Хамит Қаниев, «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» РММ директоры:
- Барсакелмес қорығы биосфералық резерватқа Қазақстанда 6-шы резерват мәртебесін алған. Дельта учаскесі Рамсар конвенциясы тізіміне енгізілген. Ол жерде әдемі құстарды көруге, серуендеуге болады. Туризм саласы соңғы мезгілде келіп жатыр. Ғылыми мақсатта әсіресе.
Бір кездері теңіз ортасындағы арал болған Барсакелмес алғашында 16 мыңнан астам гектарды құраған. Су тартылған кезеңде аң-құстардан айырылып қалу қаупі туды. Мемлекет тарапынан көрсетілген экологиялық жобалардың арқасында 2000 жылдары қорықтың экожүйесі жақсара бастады. Үкіметтің қаулысымен 2005 жылы табиғи резерват аумағы 10 есеге ұлғайтылды. Қорықтың Қасқақұлан, Тоқпан, Ұзынқайыр, Төртқопақ сынды шалғынды аумақтарда жайылған сүтқоректілер, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушыларды 15 мемлекеттік инспектор ерекше бақылауда ұстайды.
Арман Жылқайдаров, ғылым және экологиялық ағарту бөлімінің басшысы:
- 11 аумақтан бақылау жұмыстары жүргізіледі. Мониторинг жасалынады. Бұл мәліметтер қорықтың ғылыми-зерттеу жұмыстарына пайдаланылады. Жалпы қорықта 5 тақырып бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Қорықта сексеуілді орман және қамысты алқап көп. Күн ысыған мезгілде өрт қауіптілігі өте жоғары. Сондықтан қорықшылар сақтық шараларына айырықша мән береді.
Ғалымжан Базарбаев, күзет бөлімінің басшысы:
- Классикалық ерекшелікке байланысты қысы салқын, жазы өте ыстық болады. Аймақ өрт қауіптілігі бойынша 1,4 класқа жатады. Осыған орай сәуір, қараша айларында өрт қауіпсіздігі кезеңі орнатылып, мемлекеттік инспекторлардың қатаң бақылауында болады. Тұрғындар арасында қорық режимін, өрт қауіпсіздігін сақталуы бойынша үгіт-насихат жүргізіледі.
Хамит Қаниев, «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» РММ директоры:
- Өрт болған жағдайға резервке 2 тонна жанар-жағармай, 2 тонна бензин дайындап қойдық. Азық-түлігі, құрал-сайман, сабалақтар дайын тұр. 1 өрт сөндіру арнайы техникамыз бар. 1 су тасығыш және УАЗ, Нива автокөліктеріміз бар. Барлығы сақадай сай. Өрттің алдын алу бойынша 7 мотоцикл күнделікті бақылау-шолу жұмыстарын жүргізіп тұр.
70 жылдан астам тарихы бар Барсакелмес – экологиялық апат ошағында орналасқан жалғыз қорық. Бұл – шөлейттенуді терең зерттеуге таптырмас «ашық аспан астындағы табиғи лаборатория». Дегенмен экологиялық ағарту және экотуризм ұйымдастыру жағы кемшін. Қорық мамандарының айтуынша, зоологиялық және гидробиологиялық экспедиция жиі ұйымдастырылса, табиғи өсімнің нақты болжамдары айқындалар еді.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.