Ақмолалық оқушылар қолдан электрогенератор жасады
Ақмолалық оқушылар қолдан электрогенератор жасап шығарды.
Өнертапқыш өрендердің бұл құрылғысы арқылы ұялы телефонды қуаттауға болады. Басты артықшылығы – жеңіл, әрі жылдам жұмыс жасайды. Балалардың бірегей жобасы халықаралық байқауда да үздік деп танылған.
Жаңа құрылғының авторы - Асанәлі мен Максим. Қос өнертапқыш Бұланды ауданына қарасты Никольск ауылындағы мектепте білім алады. Оқушылар аталмыш қол генераторының әзірге қарапайым түрін құрастырған. Ал кейін оны дамытуды көздейді.
Максим Журавлев оқушы:
- Бұл құрылғының қанқасы пластикадан жасалды. Болашақта біз оны темірге ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Ал моторын сынған принтер қалдықтарынан құрастырып шығардық. Кей заттарды біз интернет дүкендерден небәрі 300-350 теңгеге тапсырыс бердік. Көріп тұрғандарыңыздай, біз генератордың тұтқасын бұрап, электр энергиясын аламыз. Бір мезетте екі бірдей телефон қуаттауға мүмкіндігі бар.
Біргегей жобаға халықаралық байқауда қазылар ерекше қызығушылық танытқан. Екі жүзге жуық қатысушының арасынан ақмолалық оқушылар екінші орын иеленді. Енді олар авторлық құқығын қорғап, құрылғыны сатылымға шығарғысы келеді.
Асанәлі Әшімов, оқушы:
- Болашақта біз генатордың құрылымын тағы өзгертіп, патенттеуді жоспарлап отырмыз. Кейін оны сатылымға шығарғымыз келеді. Ауылдық жерлерде бұл қондырғыға сұраныс боларына сенімдімін.
Асанәлі мен Максим қазір тағы бір ірі жобамен айналысуда. Енді өнертапқыштар пластикалық қалдықтардан жасанды қол жасап жатыр. Ал оқушыларға осы бағытта ұстаздары бағыт-бағдар береді.
Артем Цимбал, Никольск жалпы білім беру мектебінің мұғалімі:
- Мұғалім өзі қызығушылық таныту керек. Сол кезде ғана оқушылардың қызығушылығы артады. Нәтиже де болады.
Иә, оқушылар өз жобасын түрлі байқауда таныстыруға ниетті. Бірақл үшін қолдау мен қаржы керек. Осы тұрғыда облыстағы дарынды балаларды қолдау орталығының басшылығы балаларды назарға алатынын жеткізді.
Еркін Оразов, "Ақмола дарыны" орталығының жетекшісі:
- Егер оқушылардың ғылыми жобаларда алдында перспективалары болса, жетекшілері жобаны соны ұсынады. Егер біздің орталыққа келсе сондай ұсыныс, біз әрине облыстық деңгейде, тіпті республикалық «дарын» орталығына шығып, қолдап, көмектесуге әзірміз.
Жалпы өңірде осындай өнерпатқыш өрендер қатары жыл санап көбейіп келеді. Мәселен, былтыр халықаралық додада өңір намысын 73 бала қорғаса, биыл олардың саны 100-ден асып отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Щинкоренка