Дәрігерлер династиясы: Таразда жүрек ауруларын емдейтін отбасы бар
Таразда жылына 3 мыңнан аса тұрғынның жүрегіне операция жасайтын отбасы бар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Абдуталып Аширов пен оның жолын қуған қос ұлы үнемі біліктілігін арттырумен келеді. Медицинадағы соңғы технологияларды да меңгерген. Тақауда еліміз бойынша алғаш рет дефибриллятордың жаңа түрін жүрекке орнатты.
Абдуталып Аширов өмірінің 40 жылын кардтохирургияға арнаған. Осы уақыт ішінде 4 мыңнан аса науқасқа ашық ота жасап, өміріне араша болды. 66 жасқа келген ақ халатты тәжірибесімен бөлісіп, әлі күнге ем шара жүргізеді. Оның сәтті өтуі ұжымның кәсібилігі мен біліктілігіне тікелей байланысты, - дейді.
Абдуталып Аширов, кардиохирург:
- Әлемдік статистика бойынша, жүрекпен келетін науқастардың 70%-і – коронарлық артерия ауруына шалдыққандар. Ал 15%-і – туабітті жүрек ауруы барлар. Жалпы жыл санап бұл ауру түрлері үдеп барады. Біздің облыстың өзінде 4-5 мың адам коронарлық артерияның бітелуі бар-жоғын анықтауға кезекте тұр. Ал біз істейтін орталықта жылына 2 мыңнан аса науқасқа ота жасап жатырмыз.
Абдуталып Ашировтың үлкен ұлы Руслан да әке жолын қуған. Оның қызметі – коронарлық ауруларды ерте кезеңінде анықтау. Кардиолог ультрадыбыстық аппарат көмегімен патологияның алдын алу үшін жүрек жағдайын мұқият тексереді. Мамандықты таңдауға әкесінің әсері болғанын айтады.
Руслан Аширов, кардиолог:
- Бала кезден әкем сияқты дәрігер болуды армандадым. Үнемі науқастардың алғысын алып жүретін. Қазіргі кезде үлкен ұлым да Асфендияров атындағы университетте дәрігер оқуын оқып жатыр. Әкеміздің жолын қуып халыққа көмектескісі келеді.
Тимур Аширов та 15 жылдан бері кардиохирург қызметінде. Аптасына 70-ке жуық ота жасайтын білікті маман, үнемі тәжірибесін толықтырып отырады. Жуырда елімізде алғаш рет дефибриллятордың соңғы үлгісімен имплантация жасады. Құрылғы, науқас қай жақта болса да смартфонмен жүрек соғысын қадағалауға мүмкінді береді. Кардиологтар отбасына еліміздің әр аймағымен қатар шет елдерден де ем іздегендер арнайы келеді.
Айдар Момышев, Шу ауданының тұрғыны:
- Қазіргі жағдайым өте жақсы. Бұрынғыдай демала алмай қалу жоқ. Бұрын ондай болмаған сияқты да. Көп өзгерді. Дәрігерім айтпақшы, мен саған жаңа жүрек салдым дегендей. Сол жаңа жүрекпен жүрмін қазір. Өзгеріс көп. Сезімдерім әйбат. Рақмет дәрігерлерге.
Дәрігерлер династиясының жұмыс өтілі бүгінде 80 жылдан асып келеді. Абдуталып Аширов ұрпағының әлі де ақхалаттылармен жалғасарына үмітті.
Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә.