Шымкенттік еріктілер ардагерлерге көмек көрсетті
Шымкенттік еріктілер қариялар мен ардагерлерге көмек көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Уақыттарын игі іске арнайтындардың қатары жыл сайын артып келеді. Шаһарда жігерлі жастардан құралған арнайы ұжымға елімізге белгілі волонтёр Данара Саранова жетекшілік етеді.
Бұл жалынды жастар – волонтёрлер. Яғни, өмірін өзгелерге көмектесуге арнаған жандар. Қазір үлкен ұжымға айналған. Бүгін олар ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көмектеспек.
Бір күнде ондаған мекенжайды аралап үлгеру керек. Жарма, жұмыртқа, макарон. Волонтерлер тапсырыс берушінің барлық тілегін ескеріп, азық-түліктерін жеткізіп береді. Жалынды жастардың басын шаһарда Данара Саранова біріктірді. Ол 15 жыл бойы осындай қайырымдылық іспен айналысып, түрлі жобаға қатысып жүр. Мұқтаж жандарға көмектеседі, апат болған аймақтарға да барады.
Данара Саранова, волонтёр:
Бұл жобаны «Жеңіс» деген 2019 жылдан бері қолдап келе жатырмыз, волонтер ретінде. Ең бірінші мақсат – ол ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерін және тыл ардагерін қолдап, және де біздің жастарды тәрбиелеу. Біздің жастар домбырамен барады, гитарамен барады. Өлең айтып береді.
Алғашында қариялар жастардың мұндай бастамасына сақтықпен қарайтын. Қазір еріктілер қарттардың сенімді досына айналған.
Татьяна Рабаева, тыл еңбеккері:
- Жастарға көп алғысымды білдіремін. Ешқашан назардан тыс қалдырмайды. Келіп, сыйлықтарын жасайды. Әңгімелесіп, қолдан келген көмектерін аямайды.
Адамдарға көмектесу үшін волотерлер қозғалысына мүше болу міндетті емес. Жағылғанға тіреу болу, жақсылық жасау – кез келгеннің қолынан келетін іс. Тек ниет түзу болуы тиіс.
Аяна Махатаева, волонтёр:
- Еріктілік деген ол былай оңай нәрсе емес. Оған жауапкершілік қажет. Сосын жауапкершіліктен кейін оны шын ниетімен істеу керек. Егер де оның ниеті түзу емес болса, онда оның ісі де шала болады. Менің ойымша солай.
Қазір Данара Саранованың командасы «Тандау» Мемлекеттік сыйлығын алған. Ал өзі Қазақстандағы волонтерлік істі дамытуға қосқан зор үлесі үшін марапатына ие болған.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов.