Алакөлде шомылу маусымы ашылды
Бұрынғыдай емес, демалыс орнына жету жеңілдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әуе мен теміржол қатынасынан бөлек, енді жаңадан салынған тегіс жолмен де баруға болады. Алайда туристер көл жағасында көрсетілетін қызметтің бағасы қымбат, сапасы төмен деп отыр.
Алакөлге қатынау бұрынғыдай емес, айтарлықтай жеңілдеді. Бүгінде Алматыдан Ақши, Көктұма ауылдарына дейін «Алматы-Өскемен» республикалық тасжолымен 5-6 сағатта жетуге болады. Астана, Алматы мен Талдықорғанға ұшақ пен пойыз үздіксіз қатынап тұр.
Дәулет Жұбандықов, Алакөл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Әуежай, теміржол, трасса бәрі іске қосылды. Әуежайдан Алматы, Астана, Талдықорғанға әуе рейстері қатынап жатыр. Пойыз 9 рейс күнделікті жүріп жатыр. Жағажайдың ішіне де қоқыс бактары қойылатын болады. Сол жерден сенімгерлікке берілгеннен кейін жинап, жоғарыға қойылған үлкен бактарға әкеп тастап отырады.
Көл жағалауы биылдан бастап 5 кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген. Олар шатыр тігіп, демалуға арналған орындарды әзірлеумен қатар тазалыққа да жауапты болады. Алакөлдің Жетісу облысындағы бөлігінде 300-ге жуық демалыс орны бар. Олар күніне 25 мыңға жуық адамды қабылдай алады. Биыл мұнда 14 жаңа нысан ашылады деп жоспарланған еді. Бүгінде соның 8-і іске қосылған. Үлкен пансионаттарға жолдама ақпан айында сатыла бастапты. Онда қазір орын жоқ деуге де болады.
Айдос Кертаев, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- Алакөлдің оң жағына барғанда, ол жақта көп демалыс аймақтарында қымбат. Мысалы, июльде екі орындық адамға 45, 50, 60 мың. Ондай бағаға кәдімгідей шетелге баруға болады демалуға. Ал сол жағында арзанырақ. Жайлылық азырақ, бірақ демалуға болады. Мынандай бағаға бару үшін мен шетелге барамын дейді көбінесе. Бірақ бәрібір біздің енді Қазақстанның азаматтары осы Алакөлдің суы ем болған соң сол үшін келеді осы жерге.
Туристік фирма өкілдері демалушылардың ең алдымен баға мен сапаға қарайтынын айтып отыр. «Көлдің Жетісу облысына қарасты бөлігінде сервистің дамуы тым баяу екенін мойындамасқа амал жоқ», - дейді олар.
Әсем Асқарова, туристік фирма өкілі:
- Қазақстандық туристер, қалай айтсам болады, ең ерке туристер. Негізі бізге кішкене бағаны түсіру керек немесе сервистің жұмысын қатты көбейту керек. Тіпті көрші елдерімізге баратын болсақ, ол жердегі бағалары бізден әлдеқайда төмен, бірақ сервистері өте жоғары болып табылады.
Дегенмен туристердің бәрі бірдей емес. «Демалыс орындарындағы қызмет көрсету сапасы көңілімнен шықса, бағасына қарамаймын», - дейді қарағандылық Сергей Забордяев.
Сергей Забордяев, демалушы:
- Маған достарым Алакөлге баруға кеңес берді. Мен тоқтаған демалыс үйінің ауласы жап-жасыл екен. Көлге шығатын жері де өте ыңғайлы. Суы тап-таза. Маған Алакөл қатты ұнады. Жағалау да, ауа райы да тамаша болып тұр.
Алакөл жағалауындағы демалыс орындарының бағасы өткен жылмен салыстырғанда 20-30%-ке қымбаттағаны байқалады. Қазақстанның жауһарына баланған бұл көлдің Жетісу облысына қарайтын бөлігінде былтыр 1 млн 300 мың адам тынықса, биыл 1,5 млн демалушы келеді деген болжам бар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев.