Павлодар облысында мал азығын дайындауға субсидия беріледі
Павлодар облысында құрғақшылыққа байланысты мал азығын дайындауға субсидия бөлінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге шамасында қаржы қарастырылған.
Биыл Ертіс өзенінің суы шабындықтарға толық жайылмады. Салдарынан Май және Аққулы аудандарында жағдай қиын. Өзге аудандарда жайылымдар күйіп кеткен. Өңірде құрғақшылыққа байланысты төрт түлікті аман алып қалу жұмыстары қолға алынды.
Мал шаруашылығы талқыға түскен жиында сарапшылар мәселемен ғылыми түрде айналысу керек екенін атап өтті. Тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – суармалы егіс алқаптарына көшу. Фермерлік шаруашылықтар субсидия түріндегі көмектен бөлек, мемлекеттік орман қорының резервінен пішен шаба алады.
Серік Батырғожинов, облыс әкімінің орынбасары:
- Ертіс шабындықтарына су жайылмағанның өзінде шабатын шөп табылады деп ойлаймын. Екіншіден, субсидия бөлу жағы қарастырылып жатыр. Жағдайды дұрыс түсіну керек. Біз бірінші кезекте тауарлы сүт фермаларына көмек береміз. Бұл жерде 600 бастан жоғары мал ұстайтын шаруашылықтарға көңіл бөлінуі тиіс. Өйткені ол фермаларға заманауи сауын аппараттарын алу үшін өте көп қаржы құйылды. Олар сүт өндірісін өркендетіп отыр.
Алайда фермерлер бұл шешіммен келіспейді. Мемлекеттен көмек болмаса, шағын шаруашылықтардың жойылып кетуі әбден мүмкін. Құрғақшылық жағдайында бәріне бірдей қарау керек, - дейді олар.
Раушан Байдүйсенова, шаруа қожалығының басшысы:
- Ережеде 600 бастан жоғары мал саны көрсетілген. Бізде сүт өндірісімен айналысатын 7-8 шаруашылық бар. Олар 1 миллиард теңгені игере салады. Осыдан кейін сүт пен ет өндіретін фермерлер арасында түрлі пікірталастар туындайды. 2 мыңдай шаруашылыққа 700 миллион теңге үлестірмек. Бұл өте аз. Сондықтан облыс қосымша қаржы қарастыруы керек деп ойлаймын. Өйткені құрғақшылық. Ресми түрде төтенше жағдай жариянбады. Бірақ құрғақшылық екенін бәрі жақсы біледі.