Атырау облысында волонтёрлік қозғалыс қарқынды дамып келеді
Қазір өңірде 60-қа жуық ұйым бар.
Мыңнан аса адам ерікті түрде әлеуметтік және қоғамдық жұмыстармен айналысады.
1 жыл бұрын құрылған «Жаныңдамын» волонтерлік ұйымының құрамында қазір 20-дан астам адам бар. Жақсылыққа жаны құмар жастардың ойға алғаны қайырымдылыққа үн қосу. Ауруханалар мен қарттар үйіне жиі барып, ерекше балалар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үнемі көмектеседі. Өңірдегі тыл ардагерлерін де назардан тыс қалдырмай, батасын алып жүр.
Мейрамгүл Есниязова, волонтерлік ұйым жетекшісі:
- Бұл кісілерге арнайы келіп, біздер көңілдерін бөліп, уақытымызды бөліп, бұл кісілермен жиі сөйлесуге тырысамыз. Себебі, бұл кісілерге керегі әңгімелесу, пікірлесу, өздерінің бұрынғы көрген қиыншылықтарының барлығын осы бүгінгі ұрпаққа айтып естелік қалдырғысы келеді.
Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін ашылған «Жүректен жүрекке» қайырымдылық дүкені аз уақыт ішінде мұқтаж жандарға үлкен демеу болды. Тұрғындар өздері пайдаланбайтын, бірақ кәдеге жарайтын заттарын осында әкеліп тапсырады. Кейін дүкен қызметкерлері оларды сұрыптап, сөрелерге орналастырады. Мұндағы киім-кешек, тұрмыстық заттарды алуға отбасылар аудандардан да келіп жатыр.
Альбина Досмағамбетова, көп балалы ана:
- Осындай қайырымдылық дүкенінің ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. Біз сияқты көп балалы отбасыларға, менде 5 бала бар, мысалы, үлкені 15-те, кішісі жастан кетті. Солардың қай-қайсысына да киюге жарамды киімдер бар. Мұның бәрін тегін алуға болады. Осындай дүкендер көп ашылса деймін.
Облыста волонтерлік қозғалыс қарқын алып келеді. Қазір 1000-ға жуық адамды қамтитын 57 волонтерлік ұйым бар. Енді оларды бір арнаға тоғыстыру үшін арнайы штаб құру жоспарланып отыр.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин