Алматыда мемлекеттік қызметшілер марапатталды
Алматыдағы Достық үйінде Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген 11 қызметшіге алғыс хат табыстады. 2 маман «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды.
Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара Алматы қаласы әкімі орынбасарының және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының құттықтауымен басталды. Арман Қырықбаев маңызды міндеттің үдесінен шығып жүрген барша әріптесіне алғыс білдірді.
Арман Қырықбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
- Мемлекеттік қызмет – жауапкершілік жүгі ауыр, маңызы зор, мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші болу – елдің аманатын арқалау. Адал еңбек етіп, халықтың сенімін ақтау деген сөз. Ел болашағын баяндайтын, ұлт мәртебесін көтеретін де – мемлекеттік қызметшілер.
Алматылық 11 мемлекеттік қызметші қала басшысының алғыс хатымен марапатталды. Ал мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген Мақпал Қоңырқұлжаева мен Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Жанар Сәдуақасова «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісінің иегерлері атанды.
Мақпал Қоңырқұлжаева, Алматы қ. әкімдігі сыртқы байланыс және лингвистика бөлімінің бас инспекторы:
- Халық үшін, ел үшін деп еңбек етіп жатқаннан кейін біздің де кішкентай үлесіміз бар, мемлекеттің қоғамның дамуына, сондықтан бүгін бізді елеп ескеріп, марапаттап жатқанына өте қуаныштымын, сол үшін көп алғысымды білдіремін. Мемлекеттік қызметшілердің барлығын өзіміздің кәсіби мерекемізбен құттықтаймын. Барлықтарына жұмыста табыс тілеймін. Мемлекеттік тіліміз дами берсін.
Айта кетйік, 2013 жылы 23 маусым елімізде Мемлекеттік қызметші күні болып бекітілді. Ал 2014 жылдан бастап бұл күн кәсіби мереке ретінде атап өтіле бастады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон.