Астанада жылу тарифін көтеру ұсынылды
Елордадағы «Астана Теплотранзит» АҚ шілденің 1-інен бастап жылу тасымалын 103%-ке өсіру туралы өтінім берді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осылайша, монополист кәсіпорын жылу тарифін 2 есе көтеруді жоспарлап отыр.
Бүгінде Астана тұрғындары жылудың 1 гигакалорийына 1200 теңге төлейді. Бұл – осыдан 3 жыл бұрын бекітілген баға. Бірақ биыл жергілікті жылыту станциясы коммуналдық қызмет құнын 2 есе өсіру бойынша өтініш түсірген. Тарифті көтеру арқылы әбден тозған желілерді жаңартатындарын айтады. Олардың есебінше бұл жұмысқа кем дегенде 2 миллиард теңге қажет екен.
Қанат Мукин, «Астана Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Біз жөндеу жұмыстарымен бірге жылу құбырларын 516 метрге ұзартып жатырмыз. Бүгінгі таңда жұмысшылардың жалақысы – орташа есеппен 293 мың теңге. Біз оны осы саладағы орташа айлыққа, яғни 400 мың теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Соның арқасында көптеген мәселе шешімін табады. Жалақының аздығынан білікті мамандар жетіспей жатыр.
Бүгінде елордағы жылу желілерінің тозығы 55%-ке жеткен. Бұл жылу сапасына кері әсер ететіні сөзсіз. Екінші жағынан, тарифті күрт көтеру қала тұрғындарының қалтасына салмақ түсіреді, - дейді сарапшы.
Асхат Жапсарбай, тариф жөніндегі халықаралық сарапшы:
- Егер өтінім қызметкерлердің жалақысын көтеру секілді шығындарды қамтыса, бұл бір жағынан халықты әлеуметтік қолдау болып саналады. Жалпы желілерді күрделі жөндеуден өткізуге бағытталған инвестициялық бағдарламалар, менің ойымша, өте орынды. Тариф көтерілетін болса, онда сараланған тарифтер жүйесін дамыту сияқты нұсқаларды қарастыру қажет. Өйткені әлеуметтік осал топтағы азаматтар бар. Оларға баға қымбаттамауы керек.
Жаңа тарифті есептегенде монополист ұйым 53 млрд теңге көлеміндегі қарызды да қосқан. Бұл кәсіпорын биыл «Нұрлы жол» несие бағдарламасымен 1,5 миллиард теңге төлеуі тиіс еді. Оның орнына қарыз шарттары өзгертіліп, өтеу мерзімі кейінге қалдырылды. Мұны Табиғи монополияларды реттеу департаменті ескерген.
Қанат Құлназаров, Астана қалалық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:
- Тарифті көтеру арқылы жылу желілері жөндеу мен реконструкциядан өтеді. жұмысшылардың жалақысын саладағы орташа деңгейге көтеріледі. Сонымен қатар желілерді күтіп ұстауға бағытталатын қаржы мөлшері ұлғаймақ. Тарифтің өсуі 20%-тен аспайды.
Жылу таратушы кәсіпорын тарифтің 30-35%-ке көтерілуін сұраған. Сондықтан аталған ұйым шығындардың бір бөлігін қысқартуға мәжбүр болады немесе қайтадан жаңа өтінім беруі керек. Заң бойынша монополистке мұндай мүмкіндік берілген.
Авторлары: Ботагоз Базарбаева, Артур Горшняков.