БҚО-да 11 борышкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Батыс Қазақстан облысында 380 адам алимент төлеуден жалтарып жүр.
Олардың берешегі 800 млн теңгеден асып кеткен. Бұл туралы жергілікті Әділет департаментінің мамандары айтты. Облыс орталығында алимент өндіру жөніндегі мамандандырылған кабинет жұмыс істеп тұр. Онда 8 жеке сот орындаушы қызмет атқарады. Жыл басталғалы бері міндетті төлем талаптарын орындамаған 167 борышкер әкімшілік жауапқа тартылды. Тағы 11 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Естай Рашқалиев, облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары:
- Бүгінде облыста алимент төлеуі тиіс 10 475 адам бар. Оның жартысынан астамының жалақысынан төлемдер өздігінен ұсталып отырады. Алименттен жалтарған 80 борышкер іздеуде жүр. Берешек сомасына өсім қосылады және бала кәмелетке толғаннан кейін де өндіруге жатады.