«Парасат» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Сенатта журналистер арасындағы «Парасат» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Биыл телеарна, радио, газет, ақпарат порталдарынан 100-ден астам туында келіп түскен. Үздіктер 6 номинация бойынша анықталды. Олардың қатарында арнамыздың шығарушы редакторы Назерке Әбдірахманқызы да бар. Ол байқаудың «Үздік телевизиялық материал үшін» аталымында жеңіске жетті.
Салтанатта бұқаралық ақпарат саласының өкілдерін кәсіби мерекесімен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев құттықтады. Сенаттың жұмысын және қабылданған заңдардың мән-мазмұнын азаматтарға жедел әрі сапалы жеткізіп демократиялы, Әділетті Қазақстан құру ісіне қосқан үлестері үшін журналистерге алғыс білдірді.
Назерке Әбдірахманқызы, «Хабар 24» арнасының шығарушы редакторы:
- Шерхан Мұртаза атамыз кезінде «Журналистердің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» деп әдемі теңеу айтқан еді. Бүгін, міне, сол тынымсыз еңбек ақталып жатыр. Кеше әріптестеріміз үйлі болды. Бүгін, міне, Парламент Сенатының ең жоғарғы марапатын иеленіп отырмыз. «Хабар 24» телеарнасына берілген әділ баға деп есептеймін. Өйткені біздің арнаның жұмысы ешбір отандық арналармен салыстыруға мүлде келмейді. Біз үздіксіз 24 сағат бойы хабар таратамыз. Осы тұста ұйысқан ынтымақ пен кәсіби біліктілік болмаса, бұл абыройлы міндетті атқару мүмкін емес. Осы сәтті пайдалана отырып, барша әріптестерімді, тұтастай «Хабар» Агенттігінің ұжымына және ата-анама алғысымды айтқым келеді. Марапат сіздердікі.