Елімізде әрбір бесінші адам аллергияға шалдығады
Аллергия кезеңі басталғалы дертке шалдыққандар саны көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Елде әрбір бесінші адамды осы иммундық кесел әуреге салады. Бұдан қорғанудың жолы қандай?
Бұл – Қырмызы. Күн жылығанда бойжеткенді аллергия әбігерге салады. Дәрісіз жүре алмайды.
Қырмызы Зарықханова, студент:
- Осы кездерде маған көшеде шығып жүру өте қиынға соғады. Көшеге бір шығып келгеннен кейін де түнімен ұйықтау деген секілді үлкен мәселе туындатады. Себебі, былай айтқанда, ешқандай дәрісіз, препараттарсыз жүре алмаймын, өзімді жақсы сезіне алмаймын.
Мамандардың айтуынша, аллергия тұқым қуалайды. 70% жағдайда қан арқылы тарайды. Бірақ бұл дерт иммунитеті толық қалыптаспаған адамдардан да анықталып жатады. Әсіресе бала кезде антибиотиктік дәрілерді шамадан тыс тұтыну есейгенде осы аллергияға әкеледі.
Розенсон Рафаил, аллерголог:
- Поллиноз бірнеше синдромға бөлінеді. Риноконъюктивалды синдром көздің қышуы мен тыныс алу жолдарының бітелуі сияқты белгілер арқылы жүреді. Түшкіру, мұрын бітелу – барлық синдромның ішіндегі ең қауіпсізі. Ал бронхиальды обструкция – аллергияның ең қауіпті түрі. Ол кезде тыныс алу нашарлайды.
Аллергияны қоздыратын фактор көп. Біз тұтынатын тағамдар мен көкеністердің де кері әсері бар. Сондықтан диетолог имундық дертке арналған гипоаллергенді диета ұстауға кеңес береді.
Гүлмира Ерболқызы, диетолог:
- Тамақтар жайлы айтатын болсақ, ол қызыл түсті, тоқсары түсті, сары түсті көп тұтынбауға кеңес беремін. Содан кейін сусындардың ішінде құрамында қанты көп бояуыштар, консерванттар бар, энергетикалық сусындар, міне, қазіргі кезеңде көп кофе ішіп жатады. Бұлардың барлығын тұтынбауға кеңес беремін.
Тек тамақ емес, шаң-тозаң, қоршаған ортаның ластануы, тіпті күйзелістің өзі, осы аллергияға әкеліп соғады. Одан қорғану үшін ауызды ғана тыймай, киімге де мән беру керек.
Розенсон Рафаил, аллерголог:
- Барынша жабық киіну, бас киімдерді киюге кеңес беремін. Жаздың ең ыстық күндерінде екі қабатты фланелиден тігілген дымқыл маска кию керек. Күн суытып, жаңбырлар басталғанда поллиноздың маусымы аяқталады, тамыздың 10-ынан 20-сына дейін – аллергияның өршіп тұратын мезгілі. Өсімдіктердің 187 түрінен 140 осы 10 күнде бірдей гүлдейді. Сондықтан да Қазақстандықтар үшін бұл мезгіл қолайсыздық тудырады.
Мамандар айтады. Аллергиядан құлантаза айығу қиын. Тек алдын алу керек. Ол қалай дейсіз ғой. Мәселен, көктем тумай тұрып, қыстың ішінде иммунитетті күшейтіп алған ләзім.
Авторлары: Аружан Самарканова, Ырыстанбек Оспанов.