Роман Скляр Екібастұзда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары барысымен танысты
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұз қаласында жылу желілері мен жылу электр станциясында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары барысымен танысты.
Бүгінгі таңда жылу маусымына дайындық қызу. Шаһар ішіндегі жылу тарату құбырлары ауыстырылып, апатты учаскелер жөнделіп жатыр.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Көктемгі гидравликалық сынақ нәтижесінде Екібастұз қаласының коммуналдық желілерінде 260-тан астам ақау анықталған. Осы күнге дейін олардың барлығы жойылды. Қазіргі уақытта жылу желілерін алмастыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін 57 шақырымы толық алмастырылды. Айта кетейік, бүгінгі таңда 17 учаскеде 21 жөндеу бригадасы қатар жұмыс істеп жатыр.
Құбырларды ауыстыру жұмыстары осындай төрт магистральдық желіде жалғасуда. Жауапты мамандар өткен қыстағы коммуналдық апат кезінде зақымданған учаскелерді іріктеп, қалыпқа келтіруде. Ендігі мақсат - жылу тарату бойынша мәселе туындаған шеткі шағын аудандарды назарға алу.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
- Жылумен қамту бойынша қиындықтар болған шағын аудандардың гидравликалық режимін жақсарту үшін жаңа жылу магистралін салу керек. Осындай шешімге техникалық аудит жүргізген мамандар келді. Жаңа нысан жобасын әзірлеу бойынша алғашқы кезеңге қаржы бөлінді. Бірақ, республикалық деңгейде қолдау қажет.
Энергетиктер мен кеншілер қаласының коммуналдық инфрақұрылымын қалыпқа келтіруге мемлекеттік бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, электр станциясында 10 қазандық жөнделіп жатыр. Бұған 7,4 млрд теңге қарастырылған.
Олег Шемель, "ПАВЛОДАРЭНЕРГО" АҚ-ның бас директоры:
- Мақсат- қыркүйек айының соңына дейін жұмыстарды аяқтап, энергетикалық жабдықты талапқа сәйкестендіру. Сонымен қатар, қазандық агрегаттары толық жөнделеді. Жұмыстардың барлығы бекітілген кестеге сай жүргізілуде.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр кешенді жөндеу науқаны барысында көпқабатты үйлердің дайындығын бақылауда ұстауды тапсырды. Бүгінде екібастұздық баспаналардың 80%-ы жылу маусымына дайын.
Роман Скляр, Қр Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Тәжірибе бар. Қаржы бөлінді. Менің ойымша, еңбек ресурстары мен құрылыс материалдары жеткілікті. Сондықтан, жоспарға сай жұмыс істеу керек. Бұған сенімім мол. Тұрақты бақылаудың болғаны да маңызды. Мәселелер туындаса, облыс басшысы шұғыл әрекет ету керек.
Роман Скляр жұмыс сапары барысында Павлодар қаласының жылу маусымына әзірлігін де тексерді. Биыл облыс орталығында жылу құбырларының 49 шақырымы жаңартылды. Квартал ішілік желілерді ауыстыруға да басымдық берілмек. Инженерлік желілердің ішінде 30 жыл бойы жөндеу көрмеген учаскелер бар.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков