Алматының тау бөктерінде 52 заңсыз құрылыс нысаны анықталды
Алатау бөктерінде рұқсатсыз құрылыс салған 52 нысан анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тексеріс нәтижесі осындай. Жер телімдерінің нысаналы мақсатына сай келмеуі, құрылыс талаптарының сақталмауы және әкімшілік бақылаудың болмауы жемқорлыққа соқтырған. Қалалық жер комиссиясы институты таратылып, нүктелік құрылысқа мораторий енгізілді. Енді барлық қала құрылысы регламенттері, жер учаскелері және инженерлік желілердің қолжетімділігі туралы ақпарат қаланың цифрлық картасына енгізіледі және бизнес пен халық үшін ашық болады.
Марат Сейітжапар, ҚР СЖҚІҚА Аса маңызды істер жөніндегі офицері:
- Заңсыз тұрғызылған үйлер бойынша біз уәкілетті органдарға тиісті осы талдаудың нәтижесінде ұсыныстар енгіздік. Сол ұсыныстардың орындалуын біз бақылауға аламыз. Енді жергілікті атқарушы орган әкімдік бұл мәселелерді шешу жөніндегі іс шаралар жоспарын әзірлейді.
Былтыр маусымда экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу мақсатында құрылыс объектілерінің қабаттылығын шектеуге және 15 градустан асатын тік беткейлердегі құрылысқа тыйым салынды. 2011-2014 жылдары қала аумағы 31,9 мың гектардан 68,3 мың гектарға дейін екі есе ұлғайды. Биыл мамырда бекітілген Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарында тау бөктеріндегі барлық бос жер құрылыс жүргізуге болмайтын рекреациялық аймақтарға ауыстырылды.