Елде туберкулезді жұқтыру көрсеткіші артқан
Мәжіліс депутаттары туберкулез жұқтырған азаматтарды қолдау тетіктерін қайта қарауды ұсынады.
Олардың мәліметінше, елде дертті жұқтыру көрсеткіші артқан. Алайда, науқастарға төленетін жәрдемақы мардымсыз.
ДДСҰ дерегі бойынша, әлемде жылына туберкулезден 1,5 млн адам қайтыс болады. Сонымен қатар шамамен 10 млн адам дерт жұқтырады. Биыл біздің елде де көбейді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасындағы көрсеткіш 7%-ға өскен. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова бұған немқұрайлы қарауға болмайтынын айтады.
Гүлдара Нұрымова, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты:
- Туберкулезге қарсы химия препараттарды қабылдайды. Ауыр препараттар. Бүйрек, бауыр органдары ауырады. Көру, есту қабілеті төмендейді. Оларға ГОБМП шеңберінде тегін көмек көрсетілмейді. Тек МӘМС арқылы. Сол кезде ғана емханаға барып, ем алуға болады.
Иә, туберкулезді емдеу шаралары кепілдендірген тегін медициналық көмек аясында жүргізіледі. Алайда бұл ұзақ процесс.
Мәлік Әденов, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры:
- Туберкулездің емі ұзақ. Ең кем дегенде туберкулез 6 ай емделеді. Ең ұзағы 20 ай. 20 ай стационарда ұстау дұрыс емес. 6 ай ұстау дұрыс емес. Егер туберкулездің беті ары қарап, науқас болған азамат өзінің үйінде болатындай жағдай болса, біз ертерек оны ортасына қосқымыз келеді. Сондықтан стационарда тек қана қауіпті болған кезде, асқынған кезде ғана ұстаймыз.
Елде дертті ерте анықтауға ПТР сынама қолданылады. Нәтижесі 2 сағатта дайын болады. Арнайы құрылғылар алғашқы көмек көрсететін кез келген медициналық ұйымдарда бар.
Мәлік Әденов, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры:
- Түберкулездің түрі бар. Кейбір диагноздар оңалтуды қажет етпейді. Ота жасалған болса, қосымша оңалту қажет етуі мүмкін. Ол бәріне бірдей көрсетілетін көмек емес. Бірақ қажет ететін азаматтарды мамандар осы көмегі қажет деп айтса, сол кезде ол тегін.
Туберкулездің ауыр түріне шалдыққан науқастар мүгедектік рәсімдеп, жәрдемақы алады.
Сәлима Алпысова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас сарапшысы:
- Мүгедектігі бар адам мемлекеттік жәрдемақы алады. Бүгінде елде туберкулез бойынша 10 мыңнан астам адам, оның ішінде 77 бала тіркелген. Жергілікті атқарушы органдар, бюджетке сәйкес, қосымша тамақтануға материалдық көмек көрсетеді, сондай-ақ жұмысқа орналасуға, осы адамдарды орналастыруға жәрдемдеседі.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жәрдемақы өте аз деңгейде туберкулезбен ауыратын науқастарға төленеді. Ол 5 МРП, ол 17250 теңге. Ол айына өте жетпейді. Олар күніге емханаға барып, ем алады. Олар ауыр препараттарды алғасын жақсы тамақтану керек. Ол азық-түлікке жетпейді ол жәрдемақы. Содан кейін санаторлық лечение болу керек.
Осылайша депутаттар туберкулез жұқтырған азаматтарды қолдау тетіктерін қайта қарауды ұсынып отыр. Себебі, бұл дерт коронавирустан кейінгі қауіпті инфекция саналады.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев