Ұлытау облысының өзекті мәселелері Сенаторлардың наразында болады
Сенат депутаттары мәслихаттармен бірлесе жұмыс істеп, өңірдің өзекті мәселелерін шешуге атсалысады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барған Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев облыста атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жергілікті депутаттармен, белсенді жастармен кездесіп, Президент реформаларының жүзеге асырылу барысы туралы айтты.
Жезқазғанда ауызсу мәселесі өткір. 50 шақырым жердегі Үйтас-Айдос жерасты қорынан қалаға су жеткізетін құбыр тозған. Президент тапсырмасына орай биылдан бастап желіні жаңарту қолға алынды. Жергілікті депутаттар жұмыстар сапалы атқарылса екен дейді.
Николай Распопов, облыстық мәслихат депутаты:
- Жезқазғанда тұратын 84 мың тұрғынды таза ауызсумен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Алдағы 5 жылда халық саны 130 мың тұрғынға жетеді деген болжам бар. Сол кезде жағдай қалай болмақ? Қалаға су жеткізетін құбырды жаңарту туралы Президент пен Үкімет тапсырмасы бар. Бірақ орындалысы баяу. Сондықтан осы мәселеге жедел көңіл аударып, тиісті көмек көрсетуіңізді сұраймын.
Жаңа облыстағы мәселе мұнымен шектелмейді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынған жобалар да кешеуілдеп жатыр. Сондықтан жергілікті мәслихат депутаттары тарапынан бақылау мықты болуы керек, - деді Сенат спикері. Сенаттың өңірлердегі өзекті мәселелерді мәслихаттармен бірлесе отырып шешіп, көтерген проблемаларды міндетті түрде негізге алатынын айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Біз енді келгенде тек жалпы әңгіме айту үшін келмей, осындай нақты мәселелерді білуге, оларды шешуге көмектесу үшін келеміз. Жалпы су мәселесі және жол мәселесі осы Ұлытау өңірі үшін ең өзекті мәселенің бірі шығар деп біз өзіміз түсініп отырмыз. Сол себепті мен өз тарапымнан осы сіздердің су мәселелеріңізге қатысты жаңа қаржыларды бөлуге, келесі жылдың бюджетіне кіргізуге көмектесуге тырысайын. Бұл біздің жиынымыздың нақты қорытындысы осы болсын.
Одан әрі Мәулен Әшімбаев Абай атындағы мектеп-интернатқа барды. Белсенді жастармен кездесіп, оларды толғандырған сауалдарға жауап берді. Жезқазғанда жастар бас қосатын орталықтардың аздығын айтқан студент Айсұлу Қаратай кешкі 6-дан кейін жұмыс істейтін кітапхана жұмысын қалыптастыруды сұрады. Талпты жастың тілегі орындалатын болды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Біраз кітапхананы ауылдарда қалыптастырғанбыз. Жаңғыртқанбыз. Осы жұмыстар әрі қарай Жезқазғанда, Ұлытау облысында жалғасып жатқан шығар деп сенемін. Алдағы уақытта сіздердің де сондай орталықтарыңыз болады деп ойлаймыз.
Ұлытау облысында 14 кәсіптік білім беру мекемесі жұмыс істейді. Сенат төрағасы соның бірі – Технология және сервис колледжіне барды. Ұстаздармен тілдесіп, білім беру үрдісінде қолданылатын бағдарламалармен танысты. Кездесу соңында жас буынды мемлекеттік басқару саласына жұмылдыру және азаматтық әлеуетті жандандыру жөніндегі жұмыстарды жетілдіру қажеттігін айтты.
Авторлары: Елдос Какенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.