Мемлекет қаржысына қол салғандар сотталды
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бұрынғы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұловты, «ӨКМ Операторы» басшысы Медет Құмарғалиевті және компанияның бұрынғы бас директоры Светлана Коротенконы 7 жылға бас бостандықтарынан айырды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар өзгенің мүлкін заңсыз иемденіп, ысырап еткен. Ал қаржы директоры Рустам Темірбек қызметін асыра пайдаланғаны үшін 2 жылға сотталды. Бірақ амнистияға байланысты жаза мерзімі 1 жылға қысқарды. Сот барлығын марапаттан да айырды. Мемлекеттік және коммерциялық мекемелерде 5 жылдан бастап 10 жылға дейін басшылық қызмет атқара алмайды. Қылмыстық жолмен меншіктеген мүліктері мемлекет пайдасына тәркіленді. Қолды болған ақшаның жалпы көлемі – 26 млрд 800 млн теңге.
Компания басшылары ұйым қорындағы 180 млрд теңгені де жымқырғысы келген. Яғни, қоқыс өртейтін 6 зауыттың құрылысын жүргіземіз деген сылтау болған. Пайдасыз жобаны былтырғы инвестициялық саясатты жүзеге асыру бағдарламасына да негізсіз енгізген. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.