Талдықорғанда 98 отбасы баспаналы болды
Астана күні қарсаңында Талдықорған қаласындағы әлеуметтік осал топқа жататын 98 отбасына жаңа пәтер кілті табыс етілді.
Олардың дені 15 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар. Қаладағы көпбалалы аналар мен толық емес отбасы мүшелерін, мүгедектер мен соғыс ардагеріне теңелгендерді баспанамен қамтамасыз ету ісі алдағы уақытта да жалғасады. Жетісу облысының орталығында биыл 2 мыңға жуық пәтер халық игілігіне беріледі. Соның тең жартысы жергілікті бюджет қаржысына салынған. «Талдықорғанда қазір пәтер кезегінде тұрған 16 мыңдай адам бар. Алдағы 4-5 жылда оны екі есеге дейін қысқартамыз», – деді өңір басшысы.
Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:
- Мына үйлерді өздеріңіз көрсеңіздер, соның 80-90 пайызы ол әлгі СУСН категориясы дейміз ғой, әлеуметтік жағынан жағдайы кем біздің азаматтарымызға беріліп жатыр. Бұдан кейін де алдағы берілетін үйлеріміздің негізінде біз осы СУСН категориясындағы әлеуметтік жағдайы нашар жетім балаларға, көпбалалы семьяларға, сондай азаматтарға бірінші кезекте үй беретін боламыз.
Тілеужан Қалдыбай, қала тұрғыны:
- Мен өз басым қатты қуаныштымын мендей азаматқа осындай үй беріп жатқанына. Мен сияқты азаматтар осылай үйлі бола берсін. Мен сияқты азаматтар көп. Үйі жоқ, біз сияқты былайша айтқанда квартирадан квартираға көшіп жүр. Солардың саны азайсын деп тілеймін!