«Елорда базарының» есігі ашық
Кеше "ЭКСПО" көрме орталығында «Елорда базары» жәрмеңкесі жұмысын бастады.
Шығыс үлгісінде жасақталған базар алаңы 6 секторға бөлінген. Кез келген жан өзінің іздеген затын сектордың атауына қарап жүріп тауып алады. Азық-түлік өнімдеріне халық тарапынан сұраныс зор. Астана қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 200 тоннадан астам тамақ өнімі жеткізілді. Тақырыпты толығырақ тілші Нұрқанат Қанапия тарқатады.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- «Елорда базары» жәрмеңкесінде жұрт қызықтаған дүние көп болды. Төгілген күй, ән мен жыр. Мына бүркіт те осы тойдың ажырамас бөлігіне айналды. Жұрттың бәрі осы бүркітпен келіп суретке түсіп жатты. Сөйтіп, бұл «Ақбалақ» өзінің тойға деген үлесін қосты.
Астана жұрты кеше таңнан «ЭКСПО» орталығына ағылды. Мұнда «Елорда базары» жәрмеңкесі өтіп жатыр. Астатөк азық-түліктен бөлек, ұлттық нақыштағы бұйымдарды да осы жерден табасыз. Еліміздің 15 өңірінен 250 тауар өндіруші арнайы келді.
Шынар Қасымжанқызы, Абай облысының тұрғыны:
- Үш тоннадай ет әкелдік. Қолжетімді баға, сиырдың еті 2300-ден, жылқының еті 2800-ден. Қойдың еті бар 2600-ден. Қазы-қарта, жаямен араластырып, барлығын 2800-ден сатып жатырмыз. Елорда күнінде құр отырмайық деп, қалыс қалмайық деп, осында келіп, өз өнімдерімізді әкеп жатырмыз.
Жәрмеңкеде 200 тоннадан астам азық-түлік сөреге шығарылмақ. Астана қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 50-ден астам тауар түрі ұсынылады. Сондай-ақ, тұрғындар қазаннан жаңа түскен шығыс тағамдарының дәмін татуға мүмкіндік алды.
Әлиасқар Матишев, қала тұрғыны:
- Бүгін мейрам күні, Астананың туған күні. Сол енді мынау ярмаркаға келіп, ет алуға, продуктылар бағалары төмен екен. Жақсы екен сапасы, өте жоғары. 2300-ден береді екен. Базарда мен алып жүрген баға 2700-2800.
Фатима, қала тұрғыны:
- Бағасы өте жақсы. Қияр 220, ой, 250, қызанақ 310. Туркестан облысынан алып келген. Дәмді деп ойлаймын, сосын мен алдым.
Жәрмеңке жайлы енді естіген астаналықтар әлі де үлгереді. Көрме орталығының есігі таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін ашық. Ертең барса да, кеш емес.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Асхат Қарақойшиев