Астанада әскери оркестрлердің халықаралық фестивалі басталды
Елордаға тарту.
Бас қаламыздың 25 жылдық мерейтойына орай «Астана – мәдениет керуені» атты әскери оркестрлердің бірінші халықаралық фестивалі басталды. Думанды дүрмек 3 күн қатарынан өтеді. Жұртшылық әскерилердің ән шашуын шаһардың бірнеше жерінен тамашалай алады.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- 3 күн бойы өтетін фестивальде өнер көрсету үшін Астанаға Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония Қарулы Күштерінің музыкалық ұжымдары келген. Пәкістан делегациясы – байқаушы. Біздің елдің атынан Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Қарулы Күштерге қарасты Ұлттық әскери-патриоттық орталығының оркестрі және Ұлттық ұланның ұжымы қатысады. Сонымен алғаш рет өтіп жатқан фестиваль 1,5 сағат бұрын Есіл өзенінің жағасындағы амфитеатрда басталды. Ертең кешкі сағат 8-де Орталық саябақта біздің Президенттік оркестр мен Үндістан, Өзбекстан және Жапонияның әскери ұжымдары өнер көрсетеді. Ал «Бәйтерек» монументінің маңында Қазақстан, Ресей және Түркия Қорғаныс министрліктерінің оркестрлері өз бағдарламаларын ұсынады. «Хан Шатырда» Әзербайжан, Қытай және Қазақстан Ұлттық ұланының окестрлері өнер көрсетпек. Арғы күні, яғни 8 шілдеде «Барыс Арена» мұз сарайында фестиваль гала-концертпен аяқталады. Басталуы сағат 12:00-де. Ол жерде көрермендер оркестрлердің бірлескен қойылымдарын және музыкалық-театрландырылған көріністі тамашалай алады.
Қорғаныс министрлігі халықаралық фестиваль достық байланыс пен елдер арасында мәдени қатынасты нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Шотландиядағы Эдинбург Корольдігі әскери оркестрінің парады, Ослодағы Норвегиялық әскери парад, Мәскеудегі «Спасск мұнарасы» фестивалі әлемге кеңінен танылған. Сол сияқты Астана фестивальін де үзбей ұйымдастырып тұру көзделіп отыр.