Теміртауда су кесте бойынша беріле бастады
Теміртауда ауыз су кесте бойынша беріле басталды.
Яғни 4 сағат таңертең және 4 сағат кешке ғана бар. Осындай миқайнатар ыстықта шағын шаһарға су жетпей жатыр.
Мұның себебі не?
Теміртаулықтар бүгін ұйқыдан әдеттегіден ерте оянды. Себебі ерте тұрмаса, сусыз қалып, жұмысқа жуынбай бару қаупі бар. Сумен қамтудағы іркілістер туралы алдын-ала ескертілгендіктен, тұрғындар қажетті су қорын жинап үлгеріпті.
Закира Алитанова, Теміртау қаласының тұрғыны:
- 5 литр суды бутылкаға алдық ішуге. Мына су 50 литр бакте су бізге әжетханаға қолдануға, қол жууға. Бір күнге жетеді. Бір күнге жеткенше, қанша жеткенінше, экономдап жеткізгенімізше.
Теміртау қаласының қасында су қоймасы бар. Бірақ ол су металлургиялық зауыттың қажеттілігіне арналған. Ал ауыз су екі жерасты су көзінен және Сәтпаев арнасымен Қарағанды қаласы арқылы Ертіс өзенінен келеді. Облыс орталығынан металлургтер қаласына дейін 27 шақырым болса, осы аралықтағы 50 жыл бұрын тартылған су құбыры әбден тозған.
Ринат Қадырбеков, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:
- Бұл су құбырға суды толыққанды бере алмай отырмыз. Бүгінгі күні 7 атмосфераға дейін көтеруге болады қысымды. Бірақ тозуға байланысты небәрі 5,5-6 атм дейін көтеріп отырмыз. Егер одан артық қысым беретін болсақ бұл құбыр шыдамайды. Бүгінгі күні бұл құбырда 8 ақау бар. Сол ақалуарды күнделікті бір бригада сондай ақауларды жөндеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Биыл осы 27 шақырым құбырдың 5 километрін жөндеу жоспарланған. Қазір оны толықтай жаңғырту үшін қажетті жоба-сметалық құжаттар жасақталуда. Құбыр жаңармай, сумен қамтудағы іркілістер де жойылмайды, дейді шаһар басшылығы.
Ринат Қадырбеков, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:
- Шамамен 14 күнге дейін. Осыған байлансты кейбір шектеулер енгізіп отырмыз. Енді күннің жылуына байланысты судың жұмсау 1700 куб, ал келуі 1200. Яғни 600 куб бізде жеткіліксіз. Сондықтан осындай шектеулер енгізу мүмкін болып отыр.
Шілденің үшінші жексенбісі металлургтер күні. Осыған байланысты алдағы демалыста шағын шаһарда су тәулік бойы шектеусіз берілмек. Мейрамнан кейін қиындықтар қайта басталады.
Е. Жылқайдарұлы, Юлана Чаус, Сайран Ақамбаев