NU және ҚБТУ студенттері ағзаны қалпына келтіруге арналған қосымша ойлап шығарды

Қазақстан командасы Google Solution Challenge деп аталатын әлемдік хакатонда үздік ондыққа енді.

Назарбаев университеті мен Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенттері мобильді қосымша ойлап шығарды.  Бұл ағзасын ауыстарған, яғни трансплантация жасалған адамдарға арналған. Қосымша науқастардың физикалық қана емес, көңіл-күйін қалпына келтіруге көмектеседі.

Дәрі-дәрмекті уақытымен ішіп, тұрақты түрде жаттығу жасау қажет.  Оған қоса әрдайым дәрігермен байланыста болғаны жөн. Бұл трансплантация жасалған науқастарға қойылатын басты талап. Осы айтылғандарды өзіміздің студенттер әзірлеген ReVita мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады.

Қосымшаға электрондық поштаны енгізіп, жеке кабинет ашып, медициналық деректерін тіркесе болғаны. Көрсеткіш смарт сағат немесе смарт сақина  арқылы оқылады. Содан кейін автоматты түрде емдеуші дәрігерге беріледі. Бұл жобаның ерекшелігі сол науқас емханаға бармай-ақ, өзінің денсаулығына қатысты деректерді қосымшадан бақылап отырады.

Аңсар Серікбаев, ҚБТУ 3 курс студенті:

- Оның тағы да бірнеше қосымша қызметі бар. Яғни, осы қосымшаны қолданған адамға спортпен қалай дұрыс айналысуға болатынына дейін кеңес береді. Яғни, сол жерде емделушілердің өзара пікір алмасып, бір-бірімен сөйлеса алады. 

Жоба авторларының айтуынша, дайындық жұмыстарының өзіне біраз уақыт жұмсаған. Трансплантация жасайтын орталық мамандарымен кеңесіп, ондағы науқастармен сөйлескен.

Мадияр Молдабаев, Назарбаев университетінің 3 курс студенті:

- Жылдың соңына дейін бағдарламаны толықтыра келе он шақты адамға бергіміз келеді. Осы он шақты адам біздің бақылау алаңымыз болады. Бақылаудан өткеннен кейін біз тағы қосымша әзірлеме жұмыстарын өткіземіз. Алдымен пациенттерге жабық альфа және бета тестілеу өткізіледі. Содан кейін нарықтық осындай платформа енгізіледі. Яғни әртүрлі клиникалар, дәрігерлер біздің бағдарламамызды өздерінің науқастарына ұсына алатын болады.

Қазір қосымшаны жетілдіру жұмыстарымен жеті адам айналысып жатыр.   Олар хакатон аясынан шығып, оған  жасанды интеллектке негізделген кең функционалды қосуды көздейді. Ол науқастың тағы қандай қосымша ауруы бар екенін және оның қашан белгі беретінін болжай алады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова , Эдуард Кон.