Қ. Тоқаев Мұнайлыдағы су тапшылығын шешуді тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы тұрғынының тұщы су тапшылығына қатысты арыз-шағымына назар аударды.
Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне аталған мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырды. Бүгінде өңірдегі су тапшылығы тәулігіне 77 200 текше метрді құрайды. Ауызсудың тапшылығы, әсіресе, жаз мезгілінде қатты сезіледі. Мұнайлы ауданындағы жағдай күрделі. «Каспий» су тұшыту зауытындағы сорғыны жөндеуге байланысты аудандағы су беру мөлшері тәулігіне 13 мың текше метрден 10 мың текше метрге дейін азайған. Халық санының жыл сайын өсуіне байланысты «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 мың текше метрге арттыру қажет. Бұл ауызсу беру мөлшерін тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта Үкімет резервінен 5,6 миллиард теңге бөлу жөнінде шешім қабылданды.
Нұрлан Ноғаев: Мұнайлыда су мәселесі күзде реттеледі
Бүгін Үкімет отырысы да осы мәселеден басталды. «Каспий» су тұшыту зауытының жөндеу жұмыстары 80 процентке аяқталды. Қыркүйектің соңына дейін монтаждау жұмыстары аяқталып, қазан айында іске қосылады деді облыс әкімі. Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, күзде қосымша 20 мың текше метр су қосқаннан кейін,.. Мұнайлы, Қарақия аудандарының және Ақтау қаласының бір бөлігін,.. қосымша тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады.