Маңғыстау облысындағы су тапшылығы қашан жойылады?
Мемлекет басшысы Үкімет пен Маңғыстау облысы әкімдігіне өңірдегі су тапшылығын шешуді тапсырды.
Ауылында ауызсу жоқ екенін айтқан Мұнайлы ауданы тұрғынының шағымына Президент назар аударды. Облыста әсіресе жаз мезгілінде су жетпейді. Қажеттілік тәулігіне 77 200 текше метрге дейін барады. Ақтаудың өз басына «Маэк» энергокомбинаты теңіз суын тұщытып берсе, Мұнайлы ауданына «Каспий» тұщыту зауытынан құбыр арқылы келеді. Кәсіпорын күніне 23 мың текше метр су шығарады. Соның 13 мың текше метрі Мұнайлыға тиесілі. Бірақ қазір кәсіпорында сорғы қондырғысы істен шығып, жөндеу жүріп жатыр. Осыған байланысты су беру мөлшері тәулігіне 10 мың текше метрге дейін азайған. Зауыт қуатын биыл 40 мың текше метрге жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта Үкімет резервінен 5,6 млрд теңге бөлінді.
Нұрлыбай Аққұлов, кәсіпорын директоры:
- Зауыттың қуаты тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізіліп, ол Мұнайлы, Қарақия және Түпқараған аудандарының елді мекендеріне қосымша жіберілетін болады. Қыркүйек айының аяғына дейін барлық жұмыстарды бітіру жоспарымызда бар. Қазан айында біз зауытымызды іске қосамыз деп отырмыз. Қазір оған барлық жұмыстары дайын, зауытты модернициялауды толық аяқтап, іске қосу үшін.