Ақтөбеде қоқыс полигоны тағы өртенді

Ақтөбеде де қалалық қоқыс полигоны тағы бықсып жатыр.

Аптап ыстықтан басталған өрттің көлемі 300 шаршы метрге дейін жетті. Таң атқанша жалын сөндірілген. Дегенмен, тау болып үйілген тұрмыстық қалдық арасынан қою түтін әлі шығып жатыр. Қолқаны қабатын ыс қалаға да жеткен. Соңғы рет қоқыс полигоны маусым айының басында өртенген еді. Халықты мезі еткен мәселені жергілікті билік  жақын арада шешеміз дегенімен жағдай өзгере қойған жоқ. Жоспарға сай жылдар бойы жиналған қоқыс көміліп, полигон 18 гектарлық жаңа орынға көшірілуге тиіс еді. Қала бюджетінен бұл мақсатқа 200 млн теңге қаржы бөлінген. Алайда бұл жұмысты атқаратын мердігер мекеме әлі анықталған жоқ. 

Асанәлі Қайдаров, коммуналдық кәсіпорын директоры:

- Қазір түтін шыққан тұстарды көму жұмыстары жалғасып жатыр. Ауыр жүк көліктерін тарттырдық. Екі тәулік ішінде өрт салдарын толықтай жоюға тырысамыз.