Алакөлде 700-ден астам оқушы демалады
Жетісу облысы Алакөл ауданының Көктұма ауылындағы «Шағала» жазғы сауықтыру лагері биыл 700-ден астам оқушыны қабылдайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір онда 90 бала демалып жатыр. 9 кезең бойынша жұмыс істейтін бұл лагерге негізінен Алакөл ауданының мектептерінде білім алатын көпбалалы отбасылардың балалары мен жетім балалар қабылданады. Соның 2 кезеңі аудан және облыс көлеміндегі түрлі олимпиадаларда жеңімпаз атанған дарынды оқушыларды қабылдауға арналады. Олар салауатты өмір салтын ұстану, азаматтық, патриоттық, экологиялық тәрбие бағыттары бойынша дайындықтан өтеді. Лагердің күнделікті жұмыс жоспарына сәйкес балалар түске дейін және түстен кейін 2-2,5 сағаттан Алакөлге түсіп, суда жүзуді үйренеді. Олардың қауіпсіздігін тәрбиешілер мен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары қадағалайды.
Саян Асқарбек, Қызылқайың орта мектебінің оқушысы:
- Үшінші жыл қатарынан келіп жатырмын. Тамақтары өте дәмді. Алакөл көліне күніне 2 уақыт түсеміз. Алакөл өте пайдалы көл. Оның құрамында флор мен бром өте көп. Алакөлге жалпы саны 15-тен артық өзен құяды. Біз көбінесе бұл жақта конкурстар мен спорттық ойындарға көп қатысамыз. Лагердің ойындары өте күшті.
Гүлнәр Тайкенова, жазғы сауықтыру лагерінің меңгерушісі:
- Соңғы 8-9-шы кезеңде «Алакөл» білім беру қорынан 60 бала демалады. Олар физика-математика пәндік олимпиадасына дайындалады. Алматы қаласынан жоғары оқу орнынан келіп, балаларды пәндік олимпиада, ғылыми жобаға дайындайды. Жалпы балалар жақсы келіп жатыр.