Жамбыл облысында ауылдар сапалы ауыз сумен қамтылады
2025 жылға дейін Жамбыл облысындағы 81 елді мекен орталық ауыз су жүйесіне қосылады.
Бұл жұмыс Сарысу ауданында кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді. Жергілікті әкімдік орталық су желісі проблемасы, мерзімінен бұрын шешілетінін айтады.
Ильгиз Бөлекбаев 11 жыл бұрын Құрылысшы тұрғын алабына көшіп келген. Ол кезде тұрғындар тіршілік нәрін су мұнарасынан тасып ішетін. Кейін мұнара бұзылып, жұрт жер құдық қазуға мәжбүр болды. Бірақ оның суы жаздыгүні тартылып, қыста мұз боп қатып қалатын.
Ильгиз Бөлекбаев, Жаңатас қаласының тұрғыны:
- Аяз ғой бізде. Мына скважинаға салынған насосты жылыту керек, қайтадан қосу керек. Оған ыстық су керек. Жұмыс көп. Қыста қатып қалады қиналамыз. Енді не істейміз су керек.
Жанат Жалғасова, Жаңатас қаласының тұрғыны:
- Ешқандай огород та еге алмадық. Жер суын жердің астынан қазып алғанмен де ол да жер суы да азайып жоқ. Қыста қиналамыз су тасуға тура келеді. Кейде қарды ерітіп ішкен күндеріміз болды свет жоқ кезде. Оны жасырмай айтайын.
Құрылысшы тұрғын алабының мәселесі биыл қыркүйекке дейін шешімін табады. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 464 миллион теңге бөлініп, су желісінің құрылысы басталды. Сарысу ауданында 25 елді мекен болса, оның 20-сы орталықтандырылған ауызсуға қосылған. Қалған ауылдардағы 9 мыңға жуық тұрғынды таза сумен қамту үшін республикалық қазынадан 1 миллиард 660 миллион теңге бөлінді.
Дәуренбек Шалбаев, Сарысу аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Қазір 5 елді мекенде ауыз су құрылысы жүріп жатыр. Оның төртеуі биыл жылдың соңында қабылданып алып пайдалануға беріледі. Біреуі үлкен ауыл Саудакент ауылы өтпелі келесі жылға өтеді. Жайылма мен Маятас елді мекені келесі жылға қалып. Сағатпен беріп отырмыз ол жерде. Бірақ соны тәулік бойы беру үшін келесі жылы жол картасына сәйкес қаржы бөлінсе сал Жайылма мен Маятасты бітірсек, сосын кіші Көкдаланы бітірсек. Сонымен біздің Сарысу ауданы 100 пайызға келесі жылдың соңында жетеді.
Жамбыл облысында 367 елді мекеннің 286-сына ауыз су желісі тартылған. Облыс билігі жоспар бойынша қалған ауылдарға 2025 жылға дейін тіршілік нәрін жеткізбек.
Мерей Бает, Руслан Ахатіллә