Сенат депутаты дәрі-дәрмекті уақытылы жеткізу мәселесін көтерді

Онкологиялық науқастарға қажетті радио фармацевтикалық дәрі-дәрмекті шұғыл түрде жеткізу үшін әуе қатынасын пайдалану қажет.

Парламент Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова Семейдегі ядролық медицина және онкология орталығының қызметкерлерімен кездесуде осындай ұсыныс айтты. Қазіргі уақытта маңызды препарат Алматыдағы ядролық физика институтынан еліміздің өзге өңірлеріндегі орталықтарға көлік арқылы жеткізіледі. Бұл әсіресе қыс кезінде қиындық тудырады. Жоғарғы палата өкілінің пікірінше, елімізде ядролық медицинаны дамытуға мүмкіндік мол. Алайда заңдардың шикілігі істің ілгері басуына тұсау болып отыр. Мәселені шешу үшін бірнеше заңға өзгеріс енгізу қажет.

Айнұр Арғынбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Негізгі 3 заңға өзгеріс енгізу керек. Олар – атом энергиясын пайдалану, халықтың радиациялық қауіпсіздігі және сәулет, қала құрылысы туралы заңдар. Алдағы сессияда осы мәселені көтеретін боламын. Ал радио фармацевтикалық дәрі-дәрмекті жедел жеткізу үшін қазір әуе тасымалдаушылармен және орталық мемлекеттік органдармен келіссөз жүргізіп жатырмыз.