Рудный ауруханасындағы травматологиялық пункт жабылуы мүмкін
Бюджеттен қаржыландырудың тоқтағанына жарты жыл болған.
Осыған қарамастан аурухана басшылығы емдеу мекемесінің қызметін өз күшімен жалғастырып келеді.
Яғни дәрігерлер айлық алады, ал науқастарға тиісті көмек көрсетіледі. Десек те, 6 айда медициналық ұйым қарызға белшеден батқан. Мекемені тығырықтан шығаруға қала билігі де ешқандай қолғабыс ете алмай отыр.
Травматологиялық пункт өткен ғасырдан бері жұмыс істеп келеді. Дәрігерлер жылына 12-13 мың науқасты қабылдайды. Мекеме күтіміне жыл сайын кемі 70 млн теңге қажет. Биыл қаңтарда қаржыландыру тоқтады. Сол кезде аурухана басшылығы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгініп, қабылдау бөліміне бөлінетін қаржыны көбейтуді сұраған.
Талғат Кайкенов, көпбейінді аурухананың бас дәрігері:
- Айталық, ауруханаға жылына 16 мыңдай адам қаралады. Тең жартысы дәрігерлік ем көрсетілген соң үйіне қайтарылады. Әрқайсын қабылдағанымыз үшін мемлекеттен ақша төленеді. Ал қабылдау бөліміне 32-34 мың адам келеді. Сондықтан, біз осы бөлімге бөлінетін қаржыны көбейтуді сұрадық. Оған тұщымды жауап болмады.
Рудныйда травмапунттің жабылуына денсаулық сақтау министрінің бұйрығы түрткі болған. Құжатқа сәйкес халық саны 150 мыңнан аспайтын моноқалада мұндай емдеу мекемесі болмауы тиіс. Қазір қалалық ауруханада 142 мың адам тіркелген. Яғни, тұрғын саны аз.
Виктор Ионенко, қала әкімі:
- Қалаға жақын Бейімбей Майлин, Фёдоровский секілді аудандардан 12 мыңдай адам осында келіп қаралады. Дәрігерлер көмек беруден бас тарта алмайды. Біреулер жолда жазатайым жарақат алуы мүмкін, одан басқа да жағдай болады. Сол кезде науқастар жақын маңдағы ауруханаға келеді. Сондықтан, мұндай емдеу мекемесі бізге керек.
Қала әкімі жағдайды түзетуге араласа алмайды. Оған қаржысы да, құқығы да жоқ. Травматологиялық пункт жұмысын тоқтатқан күнде бар ауыртпалық қабылдау бөліміне түседі. Дәрігерлер артық жұмысқа шыдамай кетіп қалса, науқастарға 40 шақырым жердегі Қостанайға баруға тура келеді. «Мұны болдырмау үшін министрдің бұйрығына өзгеріс енгізу керек», - дейді ақ халаттылар.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Артём Грапов, Сергей Трахтенберг