Алдағы 2 жылда ел ауылдарында 655 медициналық нысандар бой көтереді
Алдағы екі жылда ел ауылдарында жаңа 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандары салынбақ.
Бұл туралы бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осыған қатысты қазір жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады. Айтуынша, физиотерапия кабинеті мен дәріхана, фельдшерлік-акушерлік және дәрігерлік амбулаторияларды қамтитын заманауи медициналық бекеттер бой көтереді. Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Ұлттық жоба шеңберінде инсульт және кардиологиялық орталықтар, оңалту, травматология және ортопедия, хирургия, реанимация бөлімшелері ашылады. Сондай-ақ, көпбейінді аудандық 32 аурухананы жаңғырту мен заманауи медициналық құралдармен жабдықтау жұмыстары жүргізіледі. Әрі, ауылдық денсаулық сақтау мекемелері үшін 1100 медицина қызметкерін даярлау жоспарда бар. Үкімет басшысы тиісті ведмствоға Ұлттық жобаны үйлестіру мен бақылауды күшейтуі қажеттігін тапсырды.