Ұлытау облысында 55 адам қайтарымсыз грант ұтып алды

Ұлытау облысында жыл басынан бері 55 адам қайтарымсыз грант ұтып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірі – Қаламқас Әбдікәрова. Ол Ұлытау ауданы орталығында шағын наубайхана ашты. Осылайша, жылдар бойы ас атасын Жезқазғаннан тасыған тұрғындардың мәселесі шешімін тапты.

Ұлытау селосы облыс орталығынан 130 шақырым қашықта орналасқан. 3 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде бұған дейін наубайхана болмаған. Нан өнімдерін Жезқазғаннан таситын. Жаңадан ашылған шағын наубайхана осы олқылықтың орнын толтырды. Мұнда күніне 500 бөлке нан пісіретін нысанды кеңейтуді де жоспарлап қойған.

Қаламқас Әбдікәрова, кәсіпкер:

- Қазір біз ауыл ішіндегі 7-8 дүкенге, әр дүкенге 60-70 данадан күніне тасимыз. Сол тапсырыс бойынша. Кейде олар көп беріп жатады. Оған үлгермейміз. Кейін үлкейтіп, ауылдық округтерге тасысам деген жоспар бар. Ауылдық округтердің өздері Егінді, Қаракеңгір – бәрі бізден келіп алып кетеді қазіргі күннің өзінде.

Наубайхана толық күшіне енген соң аудан орталығын нанмен қамту көрсеткіші артады. Жақын орналасқан ауылдарға да жеткізу жолдары қарастырылып жатыр. Нанның бағасын реттеу мақсатында жергілікті билік кәсіпкермен шарт жасап, әлеуметтік ұн бөлу жағын да пысықтап қойған.

Әмірбек Қайрат, Ұлытау аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Бұл тарапта бізде Ұлытау СПК-дан арзандатылған ұн беру мәселесі бар. Ол жағы қарастырылған және де беріледі. Тек бұл кісілер өздері тасымалдап алу қажет болып отыр. Сонымен қатар ары қарай дамыту керек болса, бизнесті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бар. Сол арқылы қатысуға болады.

Облыс әкімдігі тағайындаған грант Қаламқас секілді тағы 54 жас кәсіпкерге бұйырды. Олардың жартысы – ауылдық жерлерде тұратын жастар.

Ақансері Сүлейменов, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:

- Басымдықты өндіріс саласы, IT саласы және туризм саласы деп белгілеп отырмыз. Қатысушылар, жастар осы 3 бағыттағы бизнес жобаларын пысықтап алып келетін болса, оларға өзінің идеяларын қаржыландыруға қайтарымсыз гранттар аясында мүмкіндіктер жоғары болады. 

Бизнес идеяның көлемі мен маңыздылығына байланысты қаралған қаржы көлемі әртүрлі. 1 млн теңгеден 7 млн теңгеге дейін. Биыл алғаш рет бастау алған жоба қазір нәтиже бере бастады. Сондықтан келер жылы грант көлемі екі есе артады, - дейді мамандар.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.