Риддер маңында өлкеге маңызды электр желісінің құрылысы тұралап тұр
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының маңында электр желісінің құрылысы тұралап тұр.
Ал аталған желінің өлке үшін маңызы жоғары. Оның аяқталуын бірнеше туристік нысан күтіп отыр. Электр желісі тартылып бітсе, Батыс Алтай табиғи қорығы қызметкерлерінің де шаруасы жеңілдей түсер еді. Алайда салалық министрлік электр бағандары орнатылатын жерді құрылысшылар иелігіне рәсімдей алмай келеді.
Александра Кучер демалыс базасының иесі. Риддерден бес шақырым жерде ісін дөңгелетіп отыр. Расын айтқанда, жоқтан бар жасап жүр. Өйткені электр жарығы жоқ. Бар үміті гүрілдеген генераторда ғана.
- Вот как говорится, развитие не благодаря, а вопреки.
Александра Кучер, демалыс базасының басшысы:
- Генератор шығынға батырады. Оның үстіне шетелдік демалыс базаларына үйреніп алған біздің туристер мұндай жағдайды көргенде шошып кетеді. Иә біздегі орындар қымбаттау. Өйткені біз жоқтан бар жасап, осы жерде туризмді дамытып отырмыз.
Электр желісін тарту мәселесі шешілсе, Риддердің экономикалық әлеуеті де күшейе түспек.
Дархан Қосантаев, Риддер қаласы әкімінің м.а:
- Егер ол шешілген жағдайда біздің қаламызда сол жақта жеті жаңа туристік орталық бар, олардың бәрі дамиды, қаламызға жаңа адамдар келеді, оның бәрі жақсы ғой экономикамызға да, қаланың бюджетіне де.
Электр бағаны орман ортасымен өтеді. Бар гәп осында. Құрылысшылар ол жер өздеріне ресми рәсімделмесе, жұмысты жалғастыра алмайды.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Электр желісінің тартылмауы бірнеше туристік кешенді тұралататын түрі бар. Мәселен, осы біз тұрған орманның ортасындағы мынадай сарқыраманың қасындағы демалыс базасы әупірімдеп, әрең қызмет көрсетіп жатыр. Тек осындай әдемі табиғатқа деген сүйіспеншілік арқасында ғана кәсібімізді жалғастырып жатырмыз, дейді мұндағы мамандар.
Батыс Алтай қорығы қызметкерлерінің де бұл желіні күткендеріне көп болды. Жұмысшылар ну орманның ішінде жарты айлап, ауысыммен істейді. Ал электр желісі тек қолайлы өмір сүру үшін ғана емес, қауіпсіздік үшін керек дүние дейді.
Людмила Винокурова, Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары:
- Біз үшін ең бастысы радиобайланыс. 86 мың гектар алқаптың жартысынан астамын орман алып жатыр. Алда-жалда өрт шықса, тез хабар беру қаншалықты маңызды екені айтпасам да түсінікті.
Салалық өкілдер болса, орман қорына тиесілі аймақты басқа теңгерімге берудің белгілі регламенті бар деген уәж айтты. Үкімет қаулысының шешіміне, жер кодексінің қағидасына байланысты.
Бексұлтан Мейірбеков, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басқармасы басшысының м.а:
- Көптеген іс-шараларды қамтиды. Қоғамдық тыңдаулар дейді, қоғамдық тыңдаулар содан кейін мемлекеттік экологиялық сараптама және қосымша материалдар және құжаттардың тізімін қамтиды. Бұл белгіленген регламентке сәйкес екі-үш айға созылатын процесс.
Бірақ бұл басшы айтып тұрғандай рәсімдеу 2-3 айға ғана созылса қайсы... Өйткені өлкеде осы бір құжатқа жылдап қол жеткізе алмағандар көп. Мәселен Алтай ауданында Осинов өткелін айналып өтетін жол құрылысы да орман алқабын кесіп өтетіндіктен, аяқталмай қалды. Биыл Риддердегі электр желісі құрылысы үшін Ұлттық қордан 230 миллион теңге бөлініпті. Бұл мәселені түбегейлі шеше ала ма, уақыт еншісінде.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин