Қарағандыда 10 көпқабатты үйдің құрылысы тоқтады
Қарағандыда сот шешімімен көпқабатты 10 үйдің құрылысы тоқтатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Себебі нысандар рұқсат құжаттарынсыз тұрғызылған. Оны жоспардан тыс тексеру кезінде Мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының өкілдері анықтап, сотқа берген. Енді жосықсыз құрылысшылар тиісті қағаздарын толық ретке келтірмейінше жұмыстарына кірісе алмайды. Оларда жобалық құжаттама болмаған. Құрылысты бастамас бұрын сәулет-құрылыс басқармасын ескертпей, авторлық-техникалық қадағалаусыз жұмыс атқарған. Сондықтан әрқайсысына 1 миллион теңге айыппұл салынды. Бұдан өзге экономикалық сотта осыған ұқсас тағы 3 талап-арыз қаралып жатыр.
Жалпы Қарағанды облысында құрылыс компаниялардың қара тізімі бар. Заң бойынша әрбір нысанның іргесі қаланбай жатып мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясын құлағдар етуі тиіс. Бұл электронды үкіметтің веб-порталы арқылы онлайн режимде жасалады.
Думан Қасымжанов, мемлекеттік құрылыс инспекторы:
- Құрылыс салушылардың айтуынша, ЖСҚ дайындалуының ұзақтығы, сараптаманың ұзақ өтілуін ақталу үшін айтады. Бірақ заңмен белгіленген уақыттар бойынша жасаса, бәріне үлгеруге болады. Бүгінгі күні әр үй басталғанда құрылыс салушы жарнама береді. Сосын қаншама пәтер иелерін анықтайды, одан кейін уақыты тығыз болғандықтан, жұмысын бастап кетеді.