Елде экотуризм қарқын алып келеді

Мәселен, Түркістан облысында саяхатшылардың саны екі есе артқан.

Былтыр өңірдегі көрікті жерлерге 75 мың адам келсе, биыл алты айдың өзінде бұл көрсеткіш 80 мыңға жетті. Жергілікті билік жыл соңына дейін 100 мың турист өлкеге табан тірейді деп болжап отыр. Өңірдің таулы аймақта орналасуы туризм әлеуетін арттыруға сеп. Жақында «Түркістан таулары» атты экотуристік фестиваль өтті. Шараға 200-ге жуық адам қатысып, экологиялық сауаттылық пен саяхаттау мәдениетін насихаттады. Ал альпинистер тау шыңын бағындыруда бақ сынасты. Бүгінде аймақта инфрақұрылымдарды жаңарту, саяхатшыларға арналған қонақжайлар салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Ақмарал Ғаниқызы, экотурист:

- Жалпы топырағын түртсең тарихы сөйлейтін Түркістанның туризмге бай өлке екені баршамызға белгілі. Бүгін осындай туристік аймаққа келіп тағы да көзіміз жетіп отыр. Жалындаған жастармен бірге керемет демалыс сыйлап жатыр бізге. Күйбең тірліктен бой арылтып, осындай таза ауада керемет уақыт өткізіп жатыр.