Қалдықтарды сұрыптау: елордада қоқыс жәшіктері жарамсыз күйде

Елордадағы қоқыс жәшіктерінің жартысына жуығы жарамсыз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларды ауыстыру қажет. Себебі 5 жылға шыдас беретін контейнерлер қалдықтар сұрыпталмай тасталғандықтан, мерзімінен бұрын тозып қалады. Компания өкілдері осылай деп дабыл қақты.

Елордалық Әсел Құспанованы таныстары табиғат жанашыры деп атап кеткен. Себебі ол қоршаған ортаға зиян келтіретін заттардан түбегейлі бас тартқан. Мәселен азық-түлік сатып аларда дүкенге өзінің эко-дорбасымен барады. Ал полиэтилен пакеттерін мүлдем қолданбайды. Үйде қоқысты сұрыптауды әдетке айналдырған.

Әсел Құспанова, Астана қаласының тұрғыны:

- Мен қағаз, тамақ, қатты қалдықтарды бөліп жинайтын арнайы контейнерлер дайындап қойғанмын. Мысалы, көкөніс пен нан, жұмыртқа қалдықтарын мына шелекке саламын. Қазір күн ыстық болғандықтан, оны күнделікті саябаққа апарып, топыраққа көміп тастаймын. Бұл топырақтың құрамын жақсартуға септігін тигізеді.

Алайда тұрғындардың бәрін Әселдей ұқыпты деу қиын. Сұрастырып көріп едік, кейбірі тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға дайын емес. Біреуі уақыттың тапшылығын айтса, екіншісі қоқысты бөлек тастайтын жәшіктің жоқтығын алға тартты.

Тұрғындар:

- Салатын жәшіктің сыртында жазылып тұрса, әрине, бөліп саламыз.

- Бір пакетпен лақтырамын, ерінемін.

- Нанды бөлек, баклажкаларды бөлек тастаймыз ғой. Негізі нанды тастау обал деп ойламын. Қазір көрінген жерге тастап кетеді ғой.

- Қоқыс сұрыптауға уақыт жоқ, бір дорбаға салып лақтыра саламын.

Ал Астанада қоқыстарды бөлек жинау мәдениеті бұдан 5 жыл бұрын енгізілген. Қала көшелерінде сол кезде металл, пластик, макулатураға арналған сары түсті контейнерлер қойыла бастады. Қалған қалдықтың бәрін жасыл жәшікке тастау керек. Алайда тұрғындардың көпшілігі әлі де қоқысты сұрыптамай лақтырады. Ал өзге аймақтардағы жағдай тіптен қиын, - дейді экологтар.

Асыл Оқапова, эколог:

- 2022 жылғы Экология министрлігінің статистикасына сенетін болсақ, қатты қалдықтардың жалпы мөлшері еліміз бойынша жыл сайын 5 млн қатты қалдық өндірілді екен. Үкімет тарапынан түрлі бағдарламалар бар. Олар қабылданды. Екінші жағынан, қазақстандықтардың жауапкершілігі мен белсенділігі бірге жүруі керек. Жасыл экономикаға өту тұжырымдамасы бойынша 2023 жылға дейін сол қалдықтарды қайта өңдеу 40%-ке дейін жетуі керек.

Экологтар елде қоқыс өңдеу зауыттары да жетіспейді деп отыр. Қазір қатты тұрмыстық қалдықтар тек Астана, Шымкент және Жаңаөзен қалаларындағы зауыттарда ғана сұрыпталып, қайта өңделеді. Мамандардың болжамынша, алдағы 2 жылда Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі жылына 8 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. Алайда қоқыс өңдеу саласы мен тұрғындардың экологиялық мәдениеті қалай өзгеретіні белгісіз.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мейрам Жүнісов.