Шымкентте әйелдерге арналған түзету мекемесі бейнебақылаумен толық жабдықталды

Сотталғандардың түрмедегі тіршілігі мен құқығын қорғау мақсатында қойылған құрылғылар барлық аумақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.

Аймаққа жұмыс сапарымен барған Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл жазасын өтеушілермен кездесіп, мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысты.

Шымкент орталығындағы №78 әйелдер колониясында 195 адам жазасын өтеп жатыр. Мемлекет басшысы сотталғандардың құқығын кеңейту жөніндегі заңға қол қойғаннан кейін бұрын сотталғандармен бірінші рет істі болғандар бөлек жерге жайғастырылды. Аймаққа жұмыс сапарымен келген адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев оларды жеке қабылдап, мәселелерімен танысты.

Артур Ластаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Көпшілігі сот үкіміне қатысты сұрақтарды қойды. Бірі өзін кінәсізбін деп санаса, енді бірі шартты түрде бостандыққа шыққысы келеді. Жазасын жеңілдетуді талап еткендер де бар. Сотталушылардың тілегін ескерусіз қалдырмай тексеру жүргізу керек деп ойлаймын. 

Сотталғандардың құқығы заңмен қорғалған. Олар тек жазасын уақыт өткізумен шектелмеуі тиіс. Тәртібін түзеп, қайта даярлау курстарына баруға болады. Осында жүріп аспаз мамандығын меңгерген Ақтау қаласының тұрғыны бостандыққа шыққанда кәсіп ашамын, дейді. 

Жазасын өтеуші:

- Алаяқтық бабы бойынша келіп отырмын ғой осында. Жалақымыздың жартысын сонда өтейміз. Соған мүмкіндік бар.

Сондай-ақ жабық мекемеде жазасын өтеушілер сапалы медициналық қызметке жүгіне алады. Бұл міндетті Денсаулық сақтау министрлігі өз қарауына алды. Алайда созылмалы дертке шалдыққандар қажетті дәрі-дәрмекке әлі де қол жеткізе алмай келеді. 

Салтанат Тұрсынбекова, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы:

- Бас бостандығынан айырылса да оның құқықтары сақталуы керек. Сол себепті медицина саласы болады ма, тамақтану мәселесі болады ма, толық қамтылуы керек. Біз оны бақылауға алып отырамыз. 

Жеке қабылдауға мүмкіндік алған сотталушылар түзеу мекемесін күрделі жөндеуден өзкізуді сұрап, коммуналдық қызметтерді жақсартуды талап етті. Ал мерзімінен бұрын шартты түрде босағысы келгендерден әуелі берешегі өндірілуі тиіс. Алайда қарызды еңбек етіп қайтаруға жұмыс орны жетіспейді, дейді мамандар.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов