Рудный қаласында көпқабатты үйлер көгілдір отынсыз отыр

Рудный қаласында мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты үйлердің тұрғындары үш жыл бойы газға қосыла алмай отыр.

Күнделікті тамақты тоқ пешке пісіретін олар электр энергиясына қыруар қаржы төлеуге мәжбүр. Пәтер иелерінің әкімдік пен прокуратураға жолдаған шағымдарынан нәтиже болмай тұр.

Көпбалалы ана Надежда Литвинова күні бойғы уақытын ас үйде өткізеді. Электрлі пешке тамақ пісірумен әлек.

Надежда Литвинова, Рудный қаласының тұрғыны:

- Жарты күнім балаларға тамақ дайындауға кетеді. Электр пешінде тосап пен сорпа қайнатуға кемінде екі сағат керек. Электр қуаты үшін айына 7-8 мың теңге төлейміз.

Көрші үйлердің де жағдайы мәз емес. Тұрғындар баспана үшін алаңдап отыр. Себебі электр пештерін жаппай қолданғандп желідегі жүктеме шамадан тыс артып кетеді. Оған электр құрылғылары төтеп бере алмайды.

Блиц:

- Мен осыған дейін 3-4 электр плитасын ауыстырдым. Ипотеканы да, барлық коммуналдық қызмет ақысын да уақытылы төлеп отырмыз. Бірақ әзірге ешқандай көмек жоқ.

- Әкімдікке, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және құрылыс бөлімдеріне, прокуратураға өтініш айттық. Барлығы уәде етеді. Бірақ қашан орындалатыны белгісіз.

Қаланың бірнеше көшесі қиылысатын бұл аумақта бес көпқабатты үй бар. Алғашқысы 3 жыл бұрын тапсырылған. Бірақ күні бүгінге дейін үйлерде газ жоқ. Көпшілікті алаңдатқан тағы бір мәселе – балалар ойын алаңының жоқтығы. Былтыр салынуы тиіс алаңқайдың сиқы мынау. «Көгілдір отын мен ойын алаңын күтіп жүргенде үйіміздің де тозығы жететін түрі бар,» дейді тұрғындар. Екі-үш жыл бұрын пайдалануға берілгенімен жаңа үйдің төбесінен су ағып, кәзір құбырлары жарыла бастаған.

Бақыт Мамышев, Рудный қаласының тұрғыны:

- Кәріз құбырлары құрылыс қалдықтарына толып қалған. Үш жерден жарылғалы тұр. Бір ай өтті. Егер жарылса, кәріз суының астында қаламыз.

Бұл үйлер қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қарамағында. Қордаланған мәселелер тек сол бөлім арқылы шешіледі. Ал көгілдір отынды жеткізу мердігер ұйымның жауапкершілігінде. Ол үшін  ұзақ уақыт бос тұрған газ құбырын қайтадан қысымнан өткізіп тексеру керек. 

Дәурен Жәкенов, Рудный қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Біз барлық 5 үйді газға  бір уақытта қосқымыз келді. Бірақ, ол кезде 5 үйдің тек 3-еуі ғана пайдалануға берілген. Бір үйдің құрылысы түрлі себепке байланысты ұзаққа созылды. Соның салдарынан біз газды уақытында бере алмадық.

Қазір мердігер ұйым газ құбырын қысымнан өткізіп, пайда болған ақауларды анықтап жатыр. Оны жөндеу және газды үйге жеткізіп беру жұмыстарын өз есебінен жасайды. Көгілдір отын жаздың соңына дейін жеткізіледі деп отыр жергілікті билік.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Наталья Строкова, Сергей Трахтеберг