Прокурорлар инвестициялық жобалардың жүзеге асуын қадағалайды
Маңызды жобаларды сүйемелдеу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы жанынан фронт-офис ашылды.
Енді атқарушы және бақылаушы органдар бірлесіп, инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысын қадағалайды. Орал өңірінен инвестициялық жобалардың бірыңғай тізіміне 932 миллиард теңге болатын 42 жоба енген. Күні бүгінге дейін 8 жоба іске қосылған. Ал 12-сі уақытша тоқтап тұр. Басты кедергі қаржы мен шикізат тапшылығы. Ол аздай тауарды сертификаттау мәселесі де шешімін таппаған. «Мақсатымыз – шағымның түсуін күтпестен, кәсіпкерлердің проблемаларын жедел айқындап, құқықтық жәрдем беру» – дейді мамандар.
Аслан Жаңатауов, БҚО прокуратурасының басқарма басшысы:
- Әрбір инвестициялық жоба мерзімді мониторингке қойылады. Сондай-ақ прокурор мемлекеттік органдармен бірлесіп, мәселе туындаған жерге шығып қарай алады. Ол үшін жобаларға прокуратураның нақты қызметкері белгіленген. Оларда жобалардың ілеспе чек-парақтары болады. Және сол парақтар арқылы біз инвесторлардың жағдайын көріп отырамыз.