Қостанайда қазып алынған ағаштар басқа жерге отырғызылады
Қостанайда су құбырының салынуына байланысты қарағай мен ырғай қазып алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жөндеу жұмыстары аяқталғанша ағаштар басқа жерге отырғызылады. Нысан пайдалануға берілгеннен соң қайтадан бұрынғы орнына көшіріледі. Әзірге құрылысшылар жол жиегіндегі талдарды тиіспеуге тырысып жатыр. Қазір бұл аумақтан 2 қарағай алынды.
Жалпы осы көктемде қала бойынша 1,5 мың қылқан жапырақты ағаш егілді. Биыл облыс орталығын көгалдандыруға 600 миллион теңге бөлінген. Шырша Башқұртстаннан әкелінді. Себебі жергілікті тәлімбақтың көшеттері Аманқарағай орманын қалпына келтіруге кетіп жатыр.
Әнуар Есқатов, «Қостанай-Су» МКК директорының орынбасары:
- Мердігер ұйыммен жасыл желектерді уақытша басқа жерге отырғызу жөнінде шешім қабылданды. Оның ішінде 2 шырша мен 3 метрлік ырғай бар. Егер де олар өліп қалса, кәсіпкер өз есебінен қалпына келтіреді.