Ақтөбе - Атырау - Астрахань бағытындағы жол қайтадан жөнделеді
Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы күре жолдың кей бөлігі қайта жөнделеді.
Былтыр орташа жөндеу көрген Атырау-Доссор тас жолының он шақырымнан астамы бүлінген. Жол сапасын тексерушілер мердігер мен тапсырыс берушіге хат жолдап, қайта қалпына келтіру туралы ұсыныс берді. Қазір жөндеу жұмыстары басталды.
Республикалық маңызы бар жолдың бұл бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары 2021 жылы басталып, былтыр желтоқсанда аяқталды. Арада аз уақыт өтсе де, тасжолдың жоғарғы қабаты бүлінген. Қазір қайта жөндеу басталды. Дегенмен жол сапасын тексерушілер қайта қалпына келтіру жұмыстарының кеш басталғанын айтады.
Нұрлан Жантөрин, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК ОФ бөлім басшысы:
- Осы жылы біздер сәуір айының 14-інде жолға шығып, біздің мамандардың қатысуымен бетті өңдеу жұмыстарындағы қиыршықтың ұшуы байқалды. Жалпы көлемде 120 500 шаршы метр ұшқан. Сол анықталып, сол бойынша тапсырыс берушіге хат жолданды. Және уақыт созыла бастаған соң мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасына да хат жолданды. Кепілдік мерзімінде ақаулардың орындалмай жатқаны жөнінде.
Тексерушілердің айтуынша бастапқыда ешқандай кемшілік болмаған. Мұндай ақау ауа райының қолайсыздығы мен көліктің көп болуынан туындаған. Жолдың екі жылдық кепілдік мерзімі болғаннан кейін мердігер қайта жөндеуді мойнына алған.
Наурыз Сүйінқара, мердігер мекеме өкілі:
- Сол Маңғыстаудан келіп осында, бәрін тасымалдап. Қалпына келтіріп береміз деп, кешеден бастап кірісіп жатырмыз. Кеше ордер алдық жолға. Бұйырса, екі аптада қалпына келтіріп береміз. Қазір жол белгілері қойылып болды. Сосын мына жолдың шумовой полосасын алып тастаймыз. Содан кейін сыпырып, тазалаймыз да, төсей береміз. 12 шақырымды түгел төсейміз, қалғаны ямочный жұмыстар.
Бұл күре жолмен Ресей, Өзбекстанға қатынайтын жүк көліктері де жүреді. Жүйткіген жеңіл темір тұлпарлардан да есеп жоқ. Мұның бәрі жол сапасына кері әсерін тигізбей қоймайды.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Бұл жолды тоғыз жолдың торабында орналасқан десек те болады. Өйткені көршілес жатқан Маңғыстау және Ақтөбе облыстарынан ағылған көліктер дәл осы жолда тоғысады. Көлік көбейгеннен кейін жол апаты да жиілеген. Мамандар қазір осы екі жолақты жолдың орнына 4 жолақты жол салу үшін жоба жасақталып жатқанын айтады.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов