ТЖД Жетісудағы мұздық көлдерді әуеден бақылап қайтты
Күннің күрт ысуына байланысты «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі мен төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері Жетісу облысындағы мұздық көлдерді әуеден бақылап қайтты.
Шілде айының 15-інен басталып, қыркүйектің 15-іне дейін жалғасатын бұл шараның мақсаты – мореналық көлдердің толып кету және жарылу қаупін азайту. Облыс аумағында 400-ден астам мұздық көл бар. Ми-8 тікұшағымен атқарылатын аэровизуалдық бақылау кезінде көлдердің суға толуы байқалса, жару жұмыстарын жүргізу арқылы ондағы су деңгейі төмендетіледі. Бұл жолы Ақсу мен Сарқан өзенінің бассейніндегі мұздық көлдер әуеден бақыланды. «Барлық өзен бассейндерінің биік таулы аймағында су шығыны қалыпты шекте, кептелістер байқалмайды», – деді «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесіндегілер.
Мейрам Нұрымбетов, "Қазселденқорғау" ММ Алатау аумақтық пайдалану басқармасының жетісу филиалының басшысы:
- Жару жұмыстарының мақсаты осы көлдердің деңгейін азайту. Ол жұмыстар төменгі жақта орналасқан ауыл, елді мекендерді суға батудан құтқарады. Сентябрьдің 15-іне дейін осы жұмыстар жүргізіледі. Біздің облысымызда 416 мұздық көл бар. Бұл 416 көлдің бәрін біз бақылауда ұстаймыз. Аэровизуалды жұмыстар жүргіземіз.