Үкімет бұқаралық спортты дамытуға ден қойды

Елімізде дене шынықтырумен айналысатындар саны 7,5 млннан асты.

Спортқа бет бұрғандар көбейгенімен, инфрақұрылым жағдайы кері кетіп бара жатыр. Қазір 43 мыңға жуық спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 23 мыңы ауылдық жерде орналасқан. Алайда спортзалы жоқ мектеп әлі де көп. Оның үстіне дене шынықтыру мұғалімдері мен кәсіби жаттықтырушылар аз. Бұл сала серпілісіне кедергі жасайды. Үкімет бекіткен Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында 2030 жылға қарай халықтың 50%-і салауатты өмір салтын ұстанады деген болжам бар. Осыған байланысты Әлихан Смайылов салалық Министрлік пен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Спортты дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау бағытында біз ауқымды жұмыстар жүргізіп келеміз, алайда кейбір мәселелер бойынша бір орында тұрып қалдық. Өкінішке қарай, бізде дене шынықтыру мен спортты басқарудың тиімді біртұтас жүйесі жоқ. Бұл мәселе әсіресе жергілікті жерлерде өте өзекті. Спортты және саламатты өмір салтын насихаттаумен айналысатын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіру жұмыстарында кемшілік көп.

Үкімет басшысы сонымен қатар өңірлердегі саябақтарды, көшелерді, жағалаулар мен тұрғын үй аулаларын тренажерлармен, спорт алаңдарымен жабдықтауға ерекше назар аударуды талап етті. Одан бөлек, әлемдік тәжірибе ескеріле отырып, дене шынықтыру жаттықтырушылары мен мұғалімдерін даярлау жүйесі қайта қаралады.