Қарағандыда уланған екі баланың жағдайы ауыр

Қарағандыдағы балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан тағы 2 бала ауруханаға жеткізілді.

Олар да іші ауырып, құсқысы келетінін айтып шағымданған. Ал жансақтау бөлімінде жатқан 6 баланың екеуінің жағдайы нашар. Бұл туралы осы өңірге арнайы барған денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Еске салсақ, әу баста аталған орталықта тәрбиеленетін 12 бала денсаулығына шағымданып, ауруханаға түскен. Өкінішке қарай бір бала көз жұмды.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Біз қазір ауырған балалар жатқан облыстық инфекциялық аурухана маңында тұрмыз. Жеткіншектер осында жеткізілген сәтте астан уланған болуы мүмкін деген болжам айтылды. Бірақ алынған сынамалардың алғашқы қорытындысы бойынша ішек инфекциясы жоқ екені анықталған. Сондықтан мамандар балалардың ауруына не себеп болғанын жан-жақты тексеріп жатыр. Әзірге белгілісі баланың ауруханаға түскен баланың барлығы іші ауырып, құсқан. Денсаулық сақтау министрі олардың  қазіргі жағдайы туралы былай деді. 

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- 6 баланың 2-уі өте ауыр деуге болады. Қалган 5 баланың жағдайы жақсы, келіп түскен кездегі ауырып, құсқан симптомдары сауықтырылды деуге болады. Әлі 1 күн бақылауда болады, сосын орталыққа жіберіледі.

Балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы өткен айдың 24-іне еңбек демалысына шыққан. Ал оның міндетін атқарушы мен тағы 12 маман бүгін жұмыстан шеттетілді. Қазір елордадан келген білікті мамандармен консилиум жүріп жатыр. 

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

- Қазір қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы жағдайдың себептері тексерілуде. Ол туралы кейін толық ақпарат беретін боламыз. Бұған жол бергендердің барлығы қатаң жазаланатын болады.

Денсулығына шағымданып ауруханаға түскен баланың бірі сол жерде көз жұмды. Ол  2009-шы жылы дүниеге келген. Орташа ақыл-ой кемістігі бар деген диагнозы болған. Марқұмның дене қызуы көтеріліп, қатты ентігіп, ауа жетпей көз жұмған. Қазір осы жағдайға қатысты комиссия құрылды.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Атап өткен жөн, аталған орталықта мүмкіндігі шектеулі және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 160 бала тәрбиеленеді. Бұл жағдайды облыстың арнайы прокурорлар басқармасы тексеруге алып,   қылмыстық кодекстің 304-бабы 2-бөлігі, яғни  ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.